Болат Назарбаев өлтіріп қойды ма, өзі өлді ме, білгім келді, - дейді Қалдыбек Құрманәлі
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлі «Сұрауы бар» Youtube-арнасына берген сұхбатында өнердегі әпкесі, марқұм Мәдина Ералиева туралы естелігін бөлісті.
Айтуынша, ол Мәдина Ералиевамен көзінің тірісінде туған бауырдай араласқан. Бірақ композитор әншінің бір нәрсесін ғана қолдамаған.
«Мен оның Болат Назарбаевқа қосылғанын қолдаған жоқпын. Бір күні телефон шалып, күйеуге шығатынын айтты. Мен күлдім. Бала туатындай жағдайда емес қой. Жалғыздықтан шаршаған шығар деп ойладым. Үйіне барсам, екі адам отыр. Қарны қампиған, мұрны қызылдау, сары адам. Мені таныстырды. Мінезі ауырлау екен. 1-2 сұрақ қойып едім, жауап бермеді. Танымайтын адамға да ашылып, сөйлей алмайсың. Әйтпесе отырған жерді думан-күлкіге айналдыратын едім. Бірақ мен, біріншіден, болашақ «жездемді» танымадым. Мәдина әпкемнің өзі айтқанда барып, бір-ақ білдім. Бір кездескенде «қолдамаймын» деп айттым. «Сізге күйеу не керек? Атақты әншісіз, концерт беріп жатырсыз, үйіңіз бар, балаңыз бар» дедім. Самал деген керемет қымбат районда тұрды. 160 шаршы метр болатын үйі. Ол кезде ең керемет үйлердің бірі еді. Роза Бағланова сол үйдің екінші қабатында, Мәдина тоғызыншы қабатында тұрды.
Сөйтсем, өзі ұнатып шыққан. Еркін жүргенін қаладым. Ана жаққа барып, тотықұс сияқты болып қала ма деп қорықтым. «Сәл шыда, жездең жомарт, үй де, көлік те алып береді» деді. Бірақ Мәдина өмірден өтіп кетті. Үй алып, көлік мініп, жезде мен балдыз болып араласқан жоқпыз, – дейді Қалдыбек Құрманәлі.
Сонымен қатар ол Мәдина Ералиеваның өлімі де күні кеше болғандай есінде сақтағанын айтты.
«Мәдина Ералиева 27 қарашада қайтыс болды. 1 желтоқсанда Мұхтар Шахановтың кешінде ән айтуы керек еді. Туған әпшемдей болған әншінің өлімін Жеңіс Ысқақованың күйеуі естіртті. Ақсайда тұратын Сағира сіңлісінің үйіне барып, азан-қазан болдық. Денесін арнайы ұшақпен Алматыға әкелді. Бәріміз әуежайға бардық. Облыс әкімі мені мәйітханаға жіберді. Болат Назарбаев ұшақта бірге келе жатты. Мәйітханада денесін ашты.
Болат Назарбаев өлтіріп қойды ма, өзі өлді ме, білгім келді. Бірінші күйеуі Болат Атабаев көрсін дедім. Сол жағынан соққы болған. Ал Болат Назарбаевтың оң қолы сынған. Демек Мәдина Ералиева рөлде отырған. Сонда Болат Атабаев құсып жіберді. Мен тоқ соққандай болдым. Болат Атабаев «мен Болат Назарбаев қызғанып өлтіріп қойды ма деп ойлап едім, саған рақмет» деді.
Айтайын дегенім, Мәдина Ералиева өз ажалынан өлген. Рөлде өзі болған. Болат Назарбаевтың азаматтығына риза болдым. Ол жерлеуге, мейрамханаға 20 мың доллар берді. Бәрінің шығынын өзі төледі», – деді композитор.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.