×

Бишімбаев ісі Қазақстанның имиджіне кері әсер етті – Дания Еспаева

Экс-министрдің үстінен аса қатыгездікпен кісі өлтірді деген баппен қылмыстық іс қозғалды

 Дәурен Ерболат 04.12.2023 | 12:50
Дания Еспаева, фото: parlam.kz

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынған экс-министр Қуандық Бишімбаев туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Әрине, бұл іс Қазақстанның имиджіне әсер етті. Бұл оқиғаның БҰҰ сайтында шыққанын білемін. Кез келген елде болуы мүмкін оқиға. Бірақ осындай жағдай болды. Әрине, Орталық Азия әйелдерінің диалогына төрағалық ететін мемлекетте мұндай оқиғаның болғаны өте өкінішті, - деді Дания Еспаева.

Мәжіліс спикерінің орынбасары Бишімбаев ісі туралы оқиғаны естіген сайын жүрегі ауыратынын атап өтті.

«Мен қайғырып көңіл айтамын. Бұл оқиға туралы әлеуметтік желіден оқыған сайын жүрегім ауырады. Бұлай болмауы керек еді. Статистиканы қарасақ, мұндай жағдай әдетте тұрмысы төмен отбасыларда болады деп айтамыз. Бірақ мұнда (қайғылы жағдай) ауқатты отбасында болды. Білімді адамның мұндай әрекетке баруы өте қорқынышты. Мұндай жағдай мүлдем болмауы керек еді. Бірақ өкінішке қарай болды», - деді депутат.

Еске салайық, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.

Астана полиция департаменті әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеу қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді тапсырды.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен аса қатыгездікпен жасалған адам өлімі бойынша (Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы) қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді

Бишімбаевқа аса қатігездікпен жасалған адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зерттеу нәтижесі дайын болғанда тергеу органдары сіздерге қосымша ақпарат береді. Бұл ауыр қылмыс болғандықтан бостандықты айырумен байланысты санкция қолданылған, - деді Жандос Өмірәлиев Мәжіліс отырысынан шыққан соң журналистерге.

Одан бөлек, Бас прокурордың орынбасары экс-министрдің ұсталған туысына қатысты қосымша ақпарат бере алмайтынын атап өтті.

«Мен оның ағасы немесе бауыры екенін айта алмаймын. Бірақ (Қуандық Бишімбаевтың) туысы екені анық. Қылмыс болған күні ол оның жанында (Қуандық Бишімбаев) болған. Алайда аса ауыр қылмыс жасалғанын полицияға хабарламаған. Сондай-ақ ол қылмысты жасыруға көмектескен. Қылмыстық іс бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары қосымша ақпарат береді. Аса ауыр қылмыс үшін заңда бас бостандығын ауыру көзделген», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама