×

Мемлекеттік білім сапасын қолдан жасаймыз – Аятжан Ахметжан

Үшауысымды мектептердегі білім сапасы, дамыған елдердің тәжірибесі жайында сұхбат

 Ербол Тұрымбет 30.11.2023 | 18:40
фото: дереккөз

Соңғы деректер бойынша, елімізде 140-тан астам үшауысымды мектеп бар. Ал Астананың өзінде сондай 8 мектеп жұмыс істейді. Бұл – әлемдік те, мемлекеттік те білім стандарттарына кереғар жағдай. Әлбетте, білім сапасын төмендетпей қоймайды. Біз осы жөнінде білім саласының белгілі сарапшысы, Qazbilim жобасының авторы Аятжан Ахметжанмен сұхбат құрдық.

– Аятжан мырза, жалпы үшауысымды мектеп білім сапасына қаншалықты кері әсер етеді?

– Үшауысымды мектеп дегенде, алдымен мемлекеттік стандартты ешқандай үшауысымды мектеп орындай алмайды. Мемлекеттік стандарт деген не? Мысалы, 9-сынып аптасына 39 сағат оқу керек. Оны аптаның бес күніне бөлетін болсақ, күніне 8 сағаттан, алты күнге бөлгеннің өзінде 7 сағаттан айналу керек. Бірақ үшауысымды мектепте ең көп жүктеме – 5 сағаттан артық оқытуға мүмкіндік жоқ. Сабақты ерте бастағанмен ары кетсе 07:30-да бастап, кеш аяқтағанның өзінде 19:30-ға дейін созуы мүмкін. Яғни, аралық – 12 сағат. Сол 12 сағатты үш ауысымға үшке бөлсеңіз, 4 сағаттан, оны 45 минуттан есептегенде ары кетсе 5 сабақ өткізуге мүмкіндік бар. Сондықтан мемлекеттік стандарт орындалмаған жерде (ал мемлекеттік стандарттың өзі – ең төменгі стандарт) сапа туралы айту мүмкін емес.

 Сол айтып отырған мемлекеттік стандарт қалай жасалады? Оны кімдер жасайды? Министрлік бекітетін оқу бағдарламасын жасауға қандай сарапшылар қатысады? Сабақтағы 45 минуттың баланың білім алуына қаншалықты жеткілікті екенін кім есептейді? Оның үстіне, ауа райының қолайсыздығына байланысты сабақтардың уақыты қысқарады немесе болмай қалады. Онсыз да мемлекеттік стандартымыз ең төменгі стандар болса, білім сапасына келтіретін зардабы туралы неге айтылмайды?

– Қысқарта салу, босата салу – біздің жалпы жүйеде пайда болған ауру. Оның бәрі – сол мүмкіндік жоқтықтан шығып жүрген дүние. Негізі есі дұрыс білім саласы бір ауысымда оқыту керек.

Ал енді білім стандартын кім дайындайды десек, оны халықаралық дәрежеде мойындалған білім стандарттарына негіздей отырып, Ы. Алтынсарин атындағы білім академиясы және Орта білім комитеті бірігіп жасайды. Өйткені біздің мектептерді де, мектептеріміздің білімін де халықаралық дәрежеде мойындау керек. Ол солардың университеттеріне түсуге керек. Ол жерде зерттеушілер, сарапшылар, білім саласындағы педагогтар қатысады. Жалпы, әлемде білім саласы дұрыс мемлекеттердің бәрінде бір ауысымда оқиды.

– Үш ауысыммен оқитын мектептердегі жағдайды қарасаңыз, арасындағы сабақ ауысымы кезінде мектеп іші тола азан-қазан, у-шу бола қалады. Бұл сабақ кестесі, пән игеру мүмкіндігі дегеннен бөлек, балаға психологиялық тұрғыдан ауыр соққы емес пе?

– Қазір оқушылар сарайы деген бар. Оқушылар соларға әртүрлі үйірмелерге барады. Егер бала бір ауысымда оқитын болса, онда мектеп түстен кейінгі, сабақтан тысқары уақытта қосымша сарайдың қызметін атқаруы қажет. Бала спортқа да, өнерге де сол мектепте баратын болуы керек. Ең үлкен дүниені айтайықшы, бала мектептен шығып, одан кейін қала ішіндегі қаншама пробканы жүріп өтіп, оқушылар сарайына барып, қосымша білім алуға мәжбүр. Осының балаға қаншалықты салмақ екенін ойлап көріңіз. Біздің білім жүйесін зерттеген кезде, біздегі білім саясатын жасап отырғандардың кінәсі ме, білмеймін, халықты болмайтын бір тақырыптарға салып қояды.

– Нені айтасыз?

– Мысалы, осындай балалардың қосымша сабақ үшін бір жерден екінші жерге барып жүргенін ешкім айтпайды. Арасында бала шаршайды ғой деген айтылмайды. Оның орнына сөмкенің салмағы деген сияқты күлкілі дүниелер бар. Егер бала бір ауысымда оқыса, сөмкенің салмағы да ойыншық болып қалады. Өйткені баланың біраз кітабын мектепке тастап кетуіне мүмкіндік бар. Сөйтіп, қосымша сабақ қарауына да уақыт табылады. Сондықтан ондай мәселені желеу ету маған қолдан жасалған қиындық сияқты көрінеді.

– Осы шетелдік тәжірибені айтып отырсыз ғой... Әлемде жалпы Финляндияның білім жүйесін сапасы жағынан қатты мақтайды. Біз осы халықаралық тәжірибеден қаншалықты қалыс қалып жатырмыз? Олармен салыстырып айтар болсақ, қандай басты кемшіліктерді атап көрсетер едіңіз?

– Біріншіден, мектептің материалдық-шартты жағдайы ғой, сол білім ошақтарында қаншалықты жасалған? Мысалы, әлемде білім берудің озық үлгісі саналатын Финляндияда ешқандай мектеп бір ауысымда оқымайды. Бұл – бір. Екіншіден, мектеп! Оларда мектеп кезең-кезеңімен бөлек оқытады. Ол не деген сөз? Бастауыш білім – бір мектеп, орта білім – бір мектеп, жоғары буын – бөлек мектеп. Осылай үш топқа бөлінеді. Олардың жоғарғы мектебі 10, 11, 12-сыныптарды оқытады. Себебі олардың білім жүйесі – 12 жылдық. Соның ішінде бастауыш 6 жыл. Одан соңғылары үш-үш жылдан оқытады.

Ал бізде қалай? Бізде 1-сынып пен 11-сынып бір мектепте оқиды. Оны бір директор басқарады, бір концентрация. Ол бастауыштың методикасы мен жоғары буынның дүниесі – мүлде басқа нәрселер.

– Ортасы бөлек, аурасы бөлек дейсіз ғой?

– Иә. Спорт залы бөлек, оған қойылатын талап бөлек. Асханасы, басқасы – бәрі бөлек. Ол жердегі айтылатын әңгіме де, тәрбие процесі де бөлек. Ал біз қайтеміз? Бізде жаппай. Жалпы, бұл жаппай дегеннің өзі бұрынғы коммунизмнің ауруы ғой. Бәріне бірдей стандарт, бәрін соның ішінде ұстау, бәрі бірдей, тең болу керек деген түсінік. Сол баяғы коммунистік қоғамның элементтері. Осындай дүниелер барда бала мектепте бір ауысымда толық спортын да, өнерін де, шығармашылық жұмыс істесе де бөлек мүмкіндік болу керек.

– Осы бір ауысым жағдайынан бөлек, өзіңіз айтып отырған балалардың үйірмелерге бару процесіне келейікші... Осы тұрғыда Кореяның тәжірибесі сөз болғаны есімізде. Оларда мектеп салынса, сабаққа баратын бала ол мектепке жаяу емін-еркін барып-қайту үшін 5 минут қана қашықтықта тұруы керек. Солардың ыңғайына, мүмкіндігіне қарай мектеп салып отырады. Бізде әзірге ондай жүйе мүмкін емес. Сонда бұл да баланың психологиясына, физикалық дамуына кереғар әсер ететін болып тұр ғой?

– Иә, әрине. Бір ғана мысал айтайықшы, көше автобусымен қаланың бір жақ шетінен екінші шетіне бару қандай қиын?! Мысалы, Астанада барлығы үш-ақ оқушылар сарайы бар. Енді ойлап қараңыз, қаланың бір шетінен екінші шетіндегі оқушылар сарайына бару балаға оңай ма? Кептелік кезінде тіпті қиын. Автобуста тікесінен тік тұрып, кептеліспен оқушылар сарайына бару... енді баласына көлік жалдап беруге бүкіл отбасының жағдайы жетпейді. Шамасы келмейді де ғой. Сондықтан бұл физикалық тұрғыдан өте ауыр. Айтып отырған 5 минут деген сөзден шығады... солардан шыққан нақыл ғой, «ең жақы мектеп қандай мектеп?» дегенде «ең жақын мектеп» дейтін. Бастауыш үшін келісем, оларда мектеп өте жақын болуы керек. Орта буын мен жоғары буын үшін кішкене басқалай жағдай қарастыруға болады. Сондықтан бізде де білім саласында үшауысымды мектеп деген трагедияны шеше алмай жатқанда басқа нәрсені айту қиын. «Мынаны шеш, мектептердің кезең-кезеңімен бөл» деп айту ақылға сыймай кетеді. Біреуге ертегі айтып тұрған адам сияқтысың.

– Осы үш ауысым туралы айтып отырған шақта сыныптардағы бала сыйымдылығы бойынша да мәселе еске түседі. Бізде сыныптардағы балалар саны 30-дан асып жығылады. Бұл да стандартқа жатпайды ғой. Сондықтан мемлекеттік стандарт бойынша сыныптағы оқушы саны қанша болу керек? Мұғалім қанша оқушыға дейін қамти алады?

– Біздің бекітілген мемлекеттік стандартымыз бойынша бір сыныпқа – 24 бала.

– Ол бекітілгенімен, бір сынып үшін көптік етпей ме?

– Енді әлемде партаның қойылуына байланысты неше түрлі зерттеу насаны бар. Ал осы 24 бала деген стандарт үш қатар, 4 партадан дегенді білдіреді. Содан шыққан дүние. Яғни, үш қатар мен төрт сап үлгісінде отырады. Оның қасында әлемде екі де екі, үш те үш, төрт те төрт деген стандарттар бар. Әр мемлекет өзінің жағдайына байланысты әр түрлі стандарт қолданады. Мысалға, қытайлар бір сыныпта 60 балаға дейін оқытады. Тіпті, 80 балаға дейін баратын жайттары бар. Бірақ енді ол жердегі тәртіп мәселесі басқашалау. Соның ішінде әлемдегі ең тиімді деген стандарт ол үш те үш, тоғыз парта. Яғни, сабақта 18 оқушы қатысып отырады дешен сөз. Ең тиімді саналатыны осы.

– Сол мысалыңызға сүйеніп қарасақ, біздегі мемлекеттік стандарт ең шекті стандартпен жасалған болып тұр ғой?

– Иә, біздің қолданып жүргеніміз шеткі стандарт, 3х4.

– Енді соларда 24 оқушының орнына бір сыныпта 30, тіпті 40 балаға дейін оқып жатыр. Ал бұдан жақсы нәтиже бола ма? Балалар болса, ештеңеге қарамастан, сол жерлерде оқып жатыр. Бәріміз соған сенеміз, лайықты білім алып жатыр деп санаймыз. Әлде бұл өз-өзімізді алдау ғана ма?

– Айтып отырмын ғой, бізде ең төменгі стандарт орындалмай жатқан жерде білім сапасы туралы айтудың өзі қиын. Бізде жалпы өзімізді өзіміз алдап жүрген жаңдай көп. Ол да сол өз-өзін алдаудың бір жолы. Өкінішке қарай, ең үлкен алдау да бар. Біз осындай жағдайда отырып, ешқашан шындығымызды мойындай алмайды екенбіз. Сөйтіп отырып, мектептердің арасында білім сапасы деген пайыз қуғызамыз. «Күнделік кз-те» білім сапасы 60%, 70% етіп кқрсетіп, мемлекеттік білім сапасын қолдан жасаймыз.

– Осы мәселе өте өзекті болып тұр. Мысалы, мұғалім болып істеп жүрген таныстарымыз байқау жағалап, дауыс жинап жүреді. Оның бәрі сол мектептің рейтингі үшін. Бұл да сол әдет болып тұрғаны ғой?

– Иә. Өтірік жасалатын пайыздар өте көп. Ол жалпы білім сапасын өлшеудің бұрыннан келе жатқан көрсеткіші. Оның тәртібі бойынша, бір сыныптағы 4 пен 5-ке оқитын оқушылардың саны және солардың жалпы оқушы санына шаққандағы үлесі пайыздық көрсеткіштегі білім сапасы болып есептеледі. Айталық, бір сыныпта 30 оқушы отырса, соның ішінде 10 оқушы 5-пен оқиды делік. Тағы 10-ы 4-ке оқиды десеңіз, барлығы 20 оқушы 4-пен 5-ке оқып жүргені. Сол 20-ын 30 оқушыға бөлсеңіз, 67% шығады. Сонда білім сапасы осынша деңгейде дегенді білдіреді. Енді осы көрсеткішпен жарысуға келейік. Бұл жерде мұғалім өзі сабақ береді де өзі бағалайды. Яғни, өзін-өзі бағалайды. Ал бұлай бағалайтын адам көрсеткішті төмен шығара ма? Қолына беріп қойған. Сырттай бағалау жоқ. Бұрындары мектепті сырттай бағалаудың көрсеткіші ҰБТ нәтижесі болып саналатын. Кейін ол тәжірибені мүлдем алып тастады. Яғни, сенің «алтын белгің», яғни, бәрін 5-пен оқыған оқушың сырттай бағалауда 3 алуы мүмкін. Ал «ол оқушы неге қате бағаданды?» деген сұрақ туындаса оған мектеп жауап бермейді. Сайып келгенде, пайыз қуалау мәселесі дегеніміз осы.

Сөйтіп, осы пайыздық көрсеткішпен әуелі мектептің ішінде сыныптар жарысады. Мысалы, сіздің сыныбыңыз 80% көрсетіп, менің сыныбым 70% болып қалса, онда менің нашар, сіздің жақсы мұғалім болғаныңыз. Ал енді сол бағаны кім қойып отыр? Өзіміз! Мен де жаман болғым келмейді де келесі жолы мен де ең болмағанда сізбен бірдей қылып 80% қылып қойғым келеді.

Одан кейін бүкіл мектептің ішіндегі ортақ пайызбен мектепте өзара жарысады. Мысалы, 5-мектеп 60%, 6-мектеп 70%, тағы бірі 80% деген сияқты. Сосын мектептердің директорлары қайтеді? Олар да төменгі орындарда тұрғысы келмейді де «көтеріңдер», «жоғары пайыз шығарыңдар» деп пайызбен күреседі.

Бірақ, егер сол мектепке сырттай бағалау жүргізілсе, орташа алғанда осыған дейінгі көрсетіп жүрген деңгейінің жартысын да шығармауы мүмкін.

– Жалпы үшауысымдық мектептер мәселесінің жиі көтеріліп, шешім мәселесі қарастырылып келе жатқаны соңғы бес жылдың бедері шығар. Жаңа мектептер жиі салынғанымен, олардың саны көп азаяр емес. Былтырғы оқу жылын алсақ, елде 140-тан астам үшауысымды мектеп болды. Оны былай қойғанда, тағы лай кірпіштен, саманнан салынғандары бар. Әйтеуір, қазіргі білім ошағының стандарттарына сай келмейтін түрлері баршылық. Яғни, айтарлықтай үлесі бар...

– Оны енді мектептің үлесімен жасауға болмайды. Өйткені, үшауысымды мектепте мың бала оқуы мүмкін. Ал бірауысымды мектептегі оқушылар саны  бала ғана болады. Екеуін бірдей көзқараспен қалай қараймыз? Яғни, үшауысымды мектептер елде 200 десек, онда қанша бала білім алады? Ал бірауысымды мектептер ше? Оларда мың-мың жарым балаға арналған деуі мүмкін. Ал шын мәнінде онда үшауысымды 200 мектептегі оқушылардың үштен біріндей ғана болуы мүмкін. Сондықтан баланың көрсеткішімен қарау керек. Неше бала үшауысымды мектепте оқиды?

– Демек, бұл халықтың қоныстану жағдайына байланысты болып тұр ғой?

– Иә. Ал мектептің санымен алып, елде 7 мың мектеп бар, оның 140-ы ғана үшауысымды десек, ол аз сияқты. Кешіріңіз! Ол жерде неше бала оқиды? Соған қарау керек.

– Үшауысымды мектеп дегенде біздің Астана да бар. Яғни, 8 мектеп үшауысымды болса, тағы 18 мектепте бала саны тым артып кеткен. Дегенмен бірқатар облыс осындай мектептерден тазарып болды...

– Енді нақты саны деген кезде ресми және бейресми статистика деп бөліп қарап зерттеу керек. Мысалы, Астана қаласы білім басқармасынан үшауысымды мектептер туралы сұрасаң, олардың саны 8 деп айтады. Ал шынайы зерттеу жүргізіп қарасаң, мектептің өзі 1200 балаға арналған болуы мүмкін де ол мектепте 3 мың бала екі ауысыммен оқып жатады. Яғни, сидырып жіберген. Онда ол жалған деген сөз. Бұл жағдайда 600 бала үшінші ауысымға ауысуы керек. Бірақ сиғызып жібергеннен кейін ол да өтіріктің екінші түрі болып шығады.

– Менің сұрайын деп отырғаным, халықтың қоныстануына қатысты... Астанада осындай жағдайдың болуы нонсенс дер едім. Мемлекетіміздің беткеұстар қаласында осындай жағдайдың болуы өте өкінішті. Ал мұның себебін мен мына жағдайдан көрем. Мысалы, Алматы мен Астана және Шымкент төңіректегі жұртты магниттей тартып жатыр. Бұл қалаларға халықтың сырттан келіп қоныстануы, яғни ішкі миграция тым көп. Соның салдарынан мектеп салып үлгере алмайды да мәселенің түп-төркіні қарапайым әлеуметтік жағдайдың жасалмауы, жұмыссыздықтың кесірі – осылардың бәрі әсер етіп жатыр деп айта аламыз ғой?

– Есіңізде болса, 2019 жылы елордада қыста бес бала қрттен қайтыс болып кетті. Сол кезде мен «Бес баланың қаза болуы таза білім саласының кінәсі» деп мақала жазғам. Неге білім саласын кінәлайтынымды жұрттың бәрі сұрады. «Не қатысы бар?» дейді. Менің айтарым, Астана, Шымкент секілді үлкен қалаларға көшіп келетіндердің қанша пайызы баласының болшағы үшін келіп жатыр? баласын жақсы мектепте білім алуы үшін келеді. Осы қырынан қарайықшы. Мысалы, бір Астананың өзінде соңғы екі жылда қатты жарнамаланған Binom мектептерін алыңыз. Соларды көрген адам баласын ауыл мектетбінде оқытуға ойланады. «Мынадай ортада жүрсе менің балам қалып кетеді» деген ойға түседі. Сөйтіп, соңғы тиынын санаса да, қазақша айтқанда, «шапанын сатса да» баласы үшін қала жағалайды. Ол деген не? Ол мемлекеттегі санаула қалаға көңіл бөлініп жатқанының ең үлкен қателігі. Шыны керек, Астанадан 6 Binom ашылған кезде, одан кейін Атыраудан тағы екеуі ашылды, барлығы елде 8 Binom мектебі бар. Бұлар қазіргі мектептер арасындағы жағдайы ең жақсы мектептер. Жәй мектеп әлі ашылған да, салынған да жоқ. Ал дәл осындай мектеп бүкіл облыстың орталығынан салынуы керек еді. Сол кезде ішкі миграция кішкене реттеледі. Шыны керек, ауылды құтқару деген мүмкін емес және күлкілі дүние. Біз ауыл емес, алдымен аудан орталықтарын құтқарып алайықшы. Соның өзі-ақ біраз көмек болар еді.

Өз басым алты жылдан бері Астанада тұрып келе жатсам да бұл қаланың осылай көбейе бергеніне, осы қалаға көңіл бөліне бергеніне қарсымын және қорқамын. Себебі Астананың, Алматының үлкейе беруі мыңдаған ауылды жабады және жерді босатады. Ал бос жер жау шақырады.

Университет ашсақ та солай. Өткенде бір күлкілі жағдай болды. «Астанада 6 мың педагог жетіспейді, сондықтан осында педагогикалық университет салуымыз керек» дейді. «Не деген келеңсіз ақыл?!» деп күлдім жәні соны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузына салып берді. Астанаға келетін мұғалім осы қалада оқуы міндетті болғаны ма? Сол үшін арнайы оқу орнын ашудың не керегі бар? Астанада сондай ЖОО салғанша одан да Арқалықтағы Ы. Алтынсарин атындағы университетті дамытсын ұлттық университет етіп. Сол Ұлттық педагогикалық университет болсын. Үлкен деңгейде ғимараттарын салып берсін, соған профессорларды тартып жұмыс істесін. Соның арқасында Арқалықтың өзі де дамиды. Сол Арқалықтағы университетке бір жылда 20 мың грант берсе, соны «бізге педагогика мамандарын дайындап беріңдер» деп осы Астананың әкімі-ақ бөліп берсін. Яғни, Астанан бюджетінен Арқалыққа қаражат аударады, ал олар мұғалім дайындап береді. Екі жаққа да пайда. Ал сол жаңа педагогикалық университет Астанаға салынатын болса жұрттың бәрі осында оқиды да сосын олар облысқа бара ма? Бармайды! Қазір Астананың іргесіндегі Қосшы қаласының өзінде 200 мың халық тұрады. Енді бір бес жылда Қосшы мына қарқынмен Астанаға қосылады. Сол кезде Астана Алматыны қуып жететін деңгейге келеді. Сондықтан неге Петропавлға үнивер салмасқа? Облыстар квота бөліп, керекті мамандарын оқытсын. «Серпін» бағдарламасын ашпай-ақ, сол жаққа мықты универ салып, жағдай жасаса бәрі барар еді. соның есебінен тілдің де, басқа да мәселе шешілер еді.

– Елімізде жыл сайын 400 мыңдай сәби дүниеге келеді. Елде мектеп салу қарқыны оқушы санына ілесе алмай жатыр. Демек, жағдай ушыға береді деген сөз бе?

– Оның себебі, бағанағы ішкі миграция. Бір ғана статистика келтірейін, Астанада бір жылда бірінші сыныпқа жылына 22-24 мың аралығында бала барады. Ал 2-11 сыныптар аралығында жаңадан жылына 24-26 мың бала келеді. Сонда жылына 48 мың бала қорытылады. Оны 2 мыңнан есептесек, жылына 24, ал 1200 баладан есептесек, 30 мектеп. Мемлекет соны сала ала ма? Мүмкін емес. Есесіне ауылдарда қанша мектеп жабылып жатыр. Сондықтан мемлекет мектепті баяу салып жатыр дей алмаймын. Бірақ жабайылық бар. Жаппай қала, оның өзінде санаулы қалалар. Қайта президенттің Семей мен Жезқазғанды қайта облыс қып ашқанына өте қуандым. Әйтеуір сол өңірлердегі инфрақұрылым облыс есебінен дамиды. Бұның өзі ішкі миграцияны реттейді. Алдында Екібастұз секілді моноқалаларды дамыту бағдарламасы болды. Бізге сол керек.

– «Жайлы мектеп» бағдарламасы мәселенің шешіміне қаншалықты үлес қоса алады?

– Бәлкім 20% шығар. Жалпы 800 мектеп салыну керек. Бағдарламаның ең үлкен плюсы, құр мектеп емес, соның бүкіл жағдайын келістіріп береді. Ондағы материалдық-техникалық база болады. Ол үлкен ерекшелік. Бұрын мектептер салынғанымен мектеп директоры кейін зертханасына, кабинеттерге, парта-орындықтарға дейін ақша сұрап жүретін. Оның жақсы жері енді бәрі қамтылып тұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама