Ардақ Назаров халықты сыртқы жаудан қорғайтын арнайы жасақ құруды ұсынды
Депутат қуатты мемлекетке айналуы үшін қуатты әскер керек деп есептейді
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров халықты сыртқы жаудан қорғайтын арнайы жасақ құруды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ардақ Назаров депутаттық сауалын ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың атына жолдады.
Қазір жан-жағымыз отқа оранған – ертеңіміздің не боларын білмейтін алмағайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Саяси ойын төбеңнен бір соққанда досыңның қасқа, көршіңнің жауға айналғанын көзіміз көріп отыр. Бүгінде бейғам ұйқыда жататын уақыт емес, жарақтанатын уақыт, бес қаруыңды сайлап қамданатын уақыт, - деді Ардақ Назаров.
Сондай-ақ депутат Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабындағы «Әскербасы» тарауына тоқталып, бүгінде арнайы жасау құру маңызды екенін атап өтті.
Осыдан мың жыл бұрын ел билеген бабаларымыз әскеріне ерекше мән беріп, әлемге үстемдік құрған. Мұнда «мәрт жігіттер» деп отырғанын бүгінгі тілмен «арнайы жасақ» деуге болады. Қазір бізге заманауи технологияны, ғылым-білімді, соғыс өнерін ерекше меңгерген арнайы жасақ құру қажет.
Тарихта аз әскермен көпті жеңген кездеріміз көп болған. Мысалы, Орбұлақ шайқасында Салқам Жәңгір 600 ғана сарбазымен 50 мыңдай жау әскерін талқандап, бетін қайтарғанын білеміз, - деді депутат.
Ардақ Назаров қуатты мемлекетке айналуы үшін қуатты әскер керегін жеткізіп, бірнеше ұсыныс айтты:
- Қуатты әскер болуы үшін намысты ерлерді тәрбиелеуіміз қажет. Намысты ерлер тәрбиесін мектептен бастаймыз. Оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, ана тілін құрметтеуге, дәстүрмізді сақтауға, тарихымыз бен әдебиетімізді терең оқуға, батырлар жырын жаттауға баулу керек.
- Отанды қорғау – баршамызға парыз. Әкім-қараның баласы деп бөліп жармай, барлық ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуге, әскерге баруға міндетті.
- Әскеріміз физикалық тұрғыда күшті болуы үшін, оған ММА, аралас жекпе-жек, джиу-джитсу спорт түрлерін енгізуіміз қажет.
- Әскери әмірлер, бұйрық-пәрмендер тек мемлекеттік тілде ғана берілу қажет.
- Әскери құпия құжаттар мен бұйрықтарға қолжетімділікті шектеп, қатаң түрде қадағалауға алу қажет.
- Әр жылда шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу үшін сарбаздардың біліктілігін арттыру үшін әскері қуатты мемлекеттерге оқуға жіберу керек.
- Әскери қызметкердің отбасылық жағдайы ескеріліп, баспанамен қамтамасыз ету, атқарған стажына сәйкес қосымша көптеген әлеуметтік жеңілдіктер қаралуы қажет
Депутат әлемдегі болып жатқан әскери қақтығыстарды ескеріп, Қазақстан төмендегі салаларға аса мән беруі керек деп санайды:
- Пилотсыз ұшу аппараттарын басқарушылар санын көбейту аясында оқу орындарында дрондармен ұшу, құрастыру, жетілдіруге қатысты жан-жақты қамтылған бағдарламаларды мектептерге енгізу;
- Әскери медицина аясында сарбаздардың өз-өзіне жедел көмек көрсету бағытын мектептерде, жоғарғы оқу орындарында кеңінен үйрету. Оған қажет материалдық, оқу-құралдармен, медикаменттермен қамтамасыз ету;
- Қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз ету бағдарламаларын әлемдік стандарттарға көшіру. Бізде әлі күнге дейін Совет үкіметінен қалған қару-жарақтарды оқ-дәрімен қамтамасыз ету, инженерлік техникаларға, ұшақтарға техникалық қызмет көрсету белгілі бір елден ғана екенін ұмытпауымыз керек.Әлемдік озық технологияны елімізге алып келіп, қажетті қару-жарақ шығару өндірістерін елімізде ашуды қамтамасыз ету.