Halyq Uni логотип
×

Ресейдің депутаты тағы да Қазақстанның тәуелсіздігіне күмән келтірді (ВИДЕО)

Мәжілістің отырысында депутат Бәшімов Федоровты психологиялық ауруға душар болған адамға теңеді

 Дастан Жұмабекұлы 30.11.2023 | 17:51
Ресейдің депутаты тағы да Қазақстанның тәуелсіздігіне күмән келтірді (ВИДЕО)
Фото: Парламенттің баспасөз қызметі, Юрий Мартьянов

Ресейде Мемлекеттік думаның депутаты Евгений Федоров Петропавлда Қазақстаннан «тәуелсіздік» алу үшін құрылған «Халық кеңесі» деген сепаратистік ұйымның төрт мүшесіне қатысты шыққан сот үкіміне пікір білдірді.

Осыған байланысты ол «Халық кеңесінің» мүшелерін қорғаштап, олардың түрмеге заңсыз тоғытылғанын, Қазақстанның өзі Кеңес Одағынан заңсыз шыққанын айтып, тағы да еліміздің тәуелсіздігіне күмән келтірді.

Gazeta.ru-дың хабарлауынша, Мемдуманың депутаты Қазақстанның КСРО құрамынан халықаралық заң талаптарына қарамай, өз еркімен шыққанын, сол себепті Ресей заңды аттап кеткен республиканы құрамына қайтып қосып алу керектігін айтқан. Оның айтуынша, Қазақстанның аумақтық тұтастығы толық шешілмейінше, республика Ресейдің ықпалында болып, соның ұстанымымен саясат жүргізу керек. Сонымен бірге Қазақстан сыртқы саясатта да, ішкі саясатта да РФ-ның заңдарына бағынып, оған қауіп төндірмеуі керек. Ал НАТО-ның құрамына мүше болу деген әңгіме мүлде болмауға тиіс. Ресей мен Қазақстан арасында осындай принципте саясат болса, содан кейін барып Қазақстанның болашақ тағдырын шешуге болады.

Елімізде Федоровтың пікіріне бірінші болып Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов жауап берді. Ол бүгін Мәжілістің отырысында Федоровты психологиялық ауруға душар болған адамға теңеді.

Әріптестер, біз тағы да Мемлекеттік думаның кейбір депутаттары тарапынан Қазақстанға қатысты жағымсыз сөздерді естіп, көріп отырмыз. Біздің егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға қатысты жалған, арандатушы сөздерімен танымал депутат Федоров тағы да негізсіз хайп ұстағысы келген сияқты, – деді ол.

Оның айтуынша, ресейлік депутат сепаратизм үшін лайықты түрде сотталған «Халық кеңесінің» өкілдеріне жақтасып, әдейі екі ел арасында араздық тудырып отыр.

Біздің Кеңес Одағына берешегіміз жоқ. Оның алдында ешқандай қарызымыз жоқ. Біз КСРО ыдыраған тұста тәуелсіздігімізді алып, халықаралық қоғамдастықты мойындатқан елміз. Ол өз елінің президентінің ұстанымына да қарсы шығып жатыр. Федоров біздің елдің тәуелсіздігіне күмәнданса, мен оның ақыл-есінің түзу екеніне күмәнмен қарап отырмын. Сондықтан мен ресейлік әріптестеріме саяси тақырыпта көзқарасын білдіргілеріңіз келсе, мың ойланып, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп айтуды сұраймын, – деді Марат Бәшімов.

Еске сала кетсек, Петропавлда сепаратизм айыбы тағылған «Халық кеңесінің» мүшелері 7 жылдан 9 жылға дейін сотталған болатын. Қылмыстық іске биылғы 19 наурызда Солтүстік Қазақстан облысының орталығында өткен жасырын жиын түрткі болған. Онда бір топ сепаратист «Еңбекшілердің халық кеңесі» деп аталатын ұйымның өзін-өзі құрғаны жайлы жариялаған. Осыдан кейін «Халық кеңесінің» мүшелері өздерінің Қазақстан мемлекетінің құрылуын легитимді және заңды деп санамайтыны, оның тәуелсіздігін мойындамайтыны туралы заңсыз декларацияға қол қойған. Олар Қазақстанды «корпорация» деп кемсітіп, елден өз «тәуелсіздігін» жариялаған.

Наурыздың соңына қарай әлеуметтік желіге кеңінен тарап кеткен осы жиын жөніндегі видео қоғамда қызу талқыға түсті. Жұртшылық республиканың әр қаласында жиын өткізгендерді «сепаратизмдік әрекеттері» үшін жауапқа тартуды талап етті. Мәжіліс депутаттары Бас прокуратурадан істің мәнісін жіті тексеруді сұрады. Соңында арнайы сараптама «Халық кеңесі» қатысушыларының іс-қимылдарынан «сепаратизм белгілері анықталды» деген қорытынды шығарды. Наурыздың соңында ҰҚК-нің Солтүстік Қазақстан облысындағы департаменті олардың сепаратистік ісі бойынша тергеуді жедел қолға алды.

Заңсыз ұйым мүшелеріне арналған сот процесі 6 қарашада басталды. Айыпталушылар орындығына 48 жастағы автослесарь, ұйым жетекшісі Вячеслав Зудерман, өзін өзі жұмыспен қамтушы, 40 жастағы Елена Болдырева, 52 жастағы мұғалім Мәдина Қапарова мен 37 жастағы саудагер Ольга Бережнова отырды.

Сотта Бережнованың «кеңес» мүшелеріне куәлік пен символика дайындап, жиналғандарды декларациямен таныстырғаны белгілі болды. Ал декларацияны Зудерманның өзі жазғаны анықталды.

«Кеңестің» басқа мүшелері сотқа куәгер ретінде қатыстырылды.

Соңынан соттың шешімімен Вячеслав Зудерман 9 жылға, Елена Болдырева, Мәдина Қапарова мен Ольга Бережнованың әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама