Қазір 30 бала жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр
Экономист Рақым Ошақбаев вакцинаға қарсы келетіндер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынды. Мұндай жағдайда вакцинаға қарсы болғаны салдарынан денсаулыққа зиян келген-келмегенін ескеру қажет деп санайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес жыл басынан бері 117 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Оның ішінде 82%-дан астамы – балалар. Ал бұл балалардың 83%-ына қызылшаға қарсы вакцина салынбаған. Ішінде балалардың 60%-ы (ата-анасы) вакцинадан бас тартқан, қалғаны денсаулығына байланысты және вакцина салуға болатын жасқа жетпеген. Ауруханаға жатқызылғандардың ішінде 30 бала жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр, - деп жазды Ошақбаев.
Ол саясаттанушы Оразғали Селтеевтің вакцинаға қарсы болу адам денсаулығына кері әсер еткен жағдай үшін жауапкершілік енгізуді ұсынғанын айтып өтті.
Менің ойымша, кем дегенде әкімшілік жауапкершілікке тарту артық болмайды. (…) Кеңестік орта мектепте екі сабақтың арасындағы үзілісте вакцина салғаны есімде. Соның арқасында біздің ұрпақ вакцинация арқылы алдын алуға болатын жаппай аурудан аулақ болғанына сенімдімін, - деп толықтырды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызылшаға қарсы екпе алғысы келмейтіндерге ескерту жасады.
Қызылшаға қарсы вакцинадан бас тарту көбінесе мүгедектікке және өлімге әкелетін көкжөтел, дифтерия, полиомиелит, В гепатиті сияқты вакцинамен басқарылатын ұмытылған инфекциялардың өршуіне әкеледі, - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында.
Осыған байланысты министр ата-аналарға кеңес берді.
Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға балаларының вакцинациясын тексеріп, уақтылы иммундау шараларын қабылдауды ұсынады. Дене температурасының жоғарылауы, мұрыннан судың ағуы, әлсіздік, бөртпе сияқты қызылша ауруының белгілері пайда болса, медициналық көмекке жүгініңіз. Өз бетіңізбен емделмеңіз, вакцина туралы сенімді ақпаратты қолданыңыз, - деді ведомство басшысы.
Қазір Қазақстанда қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан аса төсек-орын ашылған. Стационарлық емделуге 2 375 бала жатқызылған. Резервте 1093 орын бар. Емдеуге жатқызу Жамбыл облысында – 92%, Алматы қаласында – 88%, Түркістан облысында – 81%, Шымкент қаласында – 79% жоғары екені байқалады.