Қостанай облысының әкімі Торғайда дауға айналған құрылысты тоқтатты
Архимед Мұхамбетов үйдің құрылыс жұмыстарын тоқтатып, аудан әкіміне ескерту жасады
Әлеуметтік желіде Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлының туған үйін қайта жаңғырту жұмыстарына қатысты сын-пікірлер айтылып жатыр. Осыған байланысты Қостанай облысының мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың үйдің құрылыс жұмыстарын тоқтатып, аудан әкіміне ескерту жасағанын айтты.
«Қайырлы күн, құрметті жерлестер!
Бүгін Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлының туған үйін қайта жаңғырту жұмыстарына қатысты сын-пікірлер келіп түсті.
Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Жангелдин ауданының әкімдігі жөндеу жұмыстарына байқау жариялап, мердігерді анықтап, құрылыс жұмыстарын бастаған. Алайда, орын алған жағдайға байланысты облыс әкімі Архимед Мұхамбетов үйдің құрылыс жұмыстарын тоқтатып, аудан әкіміне ескерту жасады.
Алдағы аптада облыс әкімі А.Мұхамбетовтың Ахмет Байтұрсынұлының ауылына жұмыс сапары жоспарланған. Сапар аясында құрылыс жұмыстарына қатысты ұсыныстарды тыңдап, тиісті шешім қабылдайтын болады», – делінген хабарламада.