Қазір орыс тіліндегі нарықтың дүниежүзіндегі көптеген ілгері дүниелерді алуға мүмкіндігі болмай қалды
Әлемде өз елінде өз тілі «мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие 100 ғана ел бар. Қазақстан – соның бірі. Сондықтан қазақ тілінің аясын кеңейтіп, намысын қорғау үшін радикалды шешімдер емес, «жұмсақ күш» әдісін қолдану керек. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы «Сұрауы бар» Youtube-арнасына берген сұхбатында осылай деді.
Маманның пікірінше, тілдің қадірін арттыру үшін оған деген қызығушылықты оятып, қажеттілікті көбейту керек. Сарапшы, әсіресе, әлемдегі дәл қазіргі геосаяси жағдайды өз пайдамызға, қазақ тілін қарыштатуға пайдаланудың сәті туып тұрғанын баса айтты.
Жұмсақ күш» деген ұғым бар. Ол – үлкен концепция, Soft power. Ағылшын тілін үйренген кезде ешкім бізді күштемейді ғой. Ол тілдегі мазмұнды білгіміз, технологияларды игергіміз, киноны көргіміз, әдебиетті оқығымыз келеді. Сол сияқты, басқа тілдердің де өзінің ішкі өзегі, қуаты бар. Қазақ тілінің де осындай қуаты болуы керек. Оны қалыптастыруға болады. Әсіресе қазіргідей жағдайда. Қазір орыс тіліндегі нарықтың дүниежүзіндегі көптеген ілгері дүниелерді алуға мүмкіндігі болмай қалды. Өйткені құқық берілмейді, мүмкіндігі жоқ. Қазақстанда өзге ұлт өкілдері көргісі, оқығысы келетін дүниелерді тікелей қазақ тіліне аударып бере аламыз. Бұл – уникалды мүмкіндік. Оның ішінде өнер, музыка бәрі бар, - дейді Рауан Кенжеханұлы.
Сондай-ақ маман қоғам ішінде кең талқыланып жүрген тіл туралы арнайы заңның қажеттілігі мен мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білмегені үшін дүрсе қоя беру мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, тыңнан түрен салуға талпынбай, қолданыстағы бар заңнаманы өз қажетімізше өзгертуге болады.
Тіл туралы арнайы заң қажет те шығар. Оған ешкімнің дауы жоқ. Мәселе заң қабылдауда емес, ол заңның ішінде не болады, не жазылады, сол маңызды. «Заң керек, заң керек» деп көп айтылады, бірақ оның ішінде не болатыны туралы нақты ұсыныс жоқ. Нақты талаптар қазіргі заңда бар ма, жоқ па, қалай енгізу керектігін бәрін тәптіштеп жазу қажет. Қазақ тілі – елімізде мемлекеттік тіл. Оның қадірін білуге міндеттіміз. Әлемде тек 100-ақ елде өз тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Ал талап етуге келсек, әрине, дұрыс. Егер ол азамат мемлекеттік қызметкер болса немесе болуға бекінсе және сол жолда еңбек етіп жүрсе, бұл – оған азамат ретінде де, қызметкер ретінде де қойылатын талап, - деді маман.
Сұхбаттың толық нұсқасын жоғарыдағы видеодан көре аласыздар.