Кейінгі 5 жылда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 32%-ға төмендеген
26 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі өткеніне бір жыл болады. Осы аралықта түрлі салада бірқатар бастама көтерілді. Halyq Uni президенттің заң, құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты бастамалары туралы сарапшылардың пікірін топтастарды.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Дарина Даненованың айтуынша, мемлекеттік деңгейде елдегі қауіпсіздік және құқықтық тәртіп мәселесі назардан тыс қалмаған.
«2023 жылдың басында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» президент жарлығының жобасы әзірленді. Тұжырымдаманы дайындаумен мүдделі мемлекеттік органдарды, жұртшылықты, үкіметтік емес ұйымдарды, ұлттық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, ішкі істер министрлігі айналысады. Биыл мамырда egov.kz сайтында осы Тұжырымдаманы онлайн-талқылау өтті. Оның міндеті – әртүрлі аспектілер мен бағыттарды қозғайтын елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің одан әрі стратегиясын анықтау», - деді сарапшы Дарина Даненова.
Президент 15 қарашада құқық қорғау органдарының басшыларымен өткізген кездесуді елдегі қауіпсіздік мәселесіне үлкен мән беріліп жатқандықтың белгісі деп санауға болады. Алайда қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қоғамның әрбір мүшесінің рухани мәдениетінің деңгейі әсер ететінін атап өткен жөн. Мұнда құқықтық мәдениет – оның құрамдас бөліктерінің бірі, ол мәдени және құқықтық тәрбие мен оқыту жүйесінің әсерінен қалыптасады. Бұл жерде баланың есейген сайын өз отбасында, мектепте, ортада қандай құндылықтарға ие болатыны маңызды.
Мысалы, тек кісі өлтіру мен зорлық-зомбылық көріністерінен, балағат сөздерден тұратын мағынасыз, бірақ рейтингі жоғары фильм неге әкеледі? Мұғалімнің балаға дауыс көтеруінің салдары қандай? Егер мектепке дейінгі жаста, содан кейін мектеп жасында баланың сүйікті ойыны атыс болса, бала қалай өседі? Құқықтарды құрметтемеу, зорлық-зомбылық, пассивті агрессия үйреншікті әрі норма саналатын жағдайда өскен адам өз елінің жауапты азаматы бола алмайды, - дейді Дарина Даненова.
Сондықтан бір ғана полиция қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ете алмайды. Адамның мәдени деңгейін, оның ішінде оның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға жауапты отбасы мен мектептің қатысуы маңызды. Бұл үшін мемлекет өзінің қолындағы барлық құралдарды: әдебиетті, өнерді, білім беруді, БАҚ-ты пайдалануы керек.
Заң және тәртіпке байланысты Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров та пікір білдірді.
Сарапшы президенттің құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесте «Заң және тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы қажет екенін айтқанына назар аударды.
«Президент «Әділетті Қазақстан – Заң мен тәртіп үстемдік құратын ел» деді. Бұл жаңа қоғамдық келісімнің іргетасында тұрған маңызды постулат. Барлық азаматтың заң алдындағы теңдігінің конституциялық қағидаты сақталмаған жерде әділетті мемлекет құру мүмкін емес. Әділеттілік, теңдік және заңның үстемдігі туралы мәселенің тарихын қарастыратын болсақ, оның бастауы ежелгі кезеңмен, Антика дәуірімен тұспа-тұс келеді. Бұл мәселенің тарихы бай болғанымен, өзектілігі әлі де жойылған жоқ. Адамзаттың тарихи дамуының әр кезеңінде заң мен әділеттіліктің байланысы туралы сұраққа өз жауабы болды. Бірақ барлық дерлік елдер мен мәдениеттерге тән бір жалпы түсінік бар, оны келесідей тұжырымдауға болады: «Заң – бұл мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің көрінісі», - дейді Ермек Тоқтаров.
Айта кетейік, 2023 жылғы құқықтық статистика кейінгі 5 жылда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 32%-ға төмендегенін көрсетеді.
Егер 2019 жылы 190 мың қылмыс тіркелген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 104 мыңды құрады. Ауырлығы орташа қылмыстар саны – 2019 жылы 137 мыңнан 2023 жылы 51 мыңға дейін төмендеді. Көріп отырғанымыздай, елде құқықтық тәртіпті орнату саясаты дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр, - дейді сарапшы.
Құқықтық статистика деректері бойынша 2023 жылы 7,79 млн әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Бұл 2019 жылғы 4,65 миллионнан әлдеқайда артық. Бұдан шығатын қорытынды: азаматтар жанжалдарды заңға сүйене отырып, барлық заңды және ресми арналар арқылы құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы құқықтық әдістермен шешуді жөн көреді. Мұндай жағдайды азаматтардың құқықтық мәдениетінің өсуі деп түсінуге болады. Бұл – мемлекет пен қоғамның дамуының оң көрсеткіші, - дейді Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалып жатқанына назар аударды.
«Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты», - деді президент.