Қазақстанның YouTube, Facebook сынды өзіндік платформасы неге жоқ – сарапшы пікірі
«Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен сұқбат
Халықты жіпсіз байлап, әлемді уысында ұстап отырған YouTube, Facebook, WhatsApp, TikTok, Instagram сияқты алпауыт әлеуметтік желілер бар. Бұл платформалар бүгінде тек коммуникация құралы емес, түрлі жарнама тарататын, шығармашылықпен айналысатын ортаға айналды.
Осындай күрделі жобаларды өз елімізде іске асыруға не кедергі? Кезінде ашылған Aitube.kz неге тоқырап қалды? Бұл туралы «Сұрауы бар» ютуб-арнасына берген сұқбатында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы айтты.
Сарапшының айтуынша, негізгі мәселелердің бірі қаражат пен мамандарға келіп тіреледі. Дегенмен қыруар ақша бөліп, оны жүзеге асыра салу мүмкін емес. Оған мысал ретінде отандық Aitube платформасы атап өтті.
«Менің білуімше, Aitube Қытайдың WeChat платформасы сияқты жоба болуы керек еді. Бүкіл мәліметтерді жинап, соның негізінде тұйықталған, Қазақстанның ішінде қолданылатын мессенджерге айналуға тиіс еді. Амбиция тұрғысынан өте жоғары міндет. Ал нарықта WhatsApp, Telegram сияқты алпауыттар жұмыс істеп жатыр. Олардың құны ондаған миллиард доллар. Ондай жүйелерді жасап және дамытып отырған мамандардың деңгейі өте жоғары. Бізде ондай мамандар мүлде жоқ. Сырттан алып келсек те үлкен компанияларға кірмей қалған мамандарды ғана таба аламыз. Қалай болғанда да олардың деңгейі екінші, үшінші кезектегі мамандар болады», - дейді Рауан Кенжеханұлы.
Сарапшының пікірінше, өз платформасын ашу – әр елдің арманы. Алайда, ақпараттық технологиялар кеңістігі шет-шегі жоқ ғалам сияқты. Жаңасын енгізу үшін қолданыстағыны бұғаттау керек. Әркім талғамына сай таңдау жасайтын кезде ол мүмкін емес.
Ондай талпыныс Қазақстанда ғана емес, көп елде болған және олардың бәрі нәтиже бере алмады. Себебі осындай технологиялық құралдардың таралу сипаты ғаламдық деңгейде. Егер шын мәнінде шешім қабылдап, оны жасау керек болса, онда жалғыз ғана амал – Қытайдың мысалы. WeChat жұмыс істеп тұр, өйткені Қытайда басқа балама жүйе жұмыс істемейді. Оларға шектеу салынған. Ал біз ондай жолмен жүрмейміз. Ашық бәсекелестікті таңдадық. Меніңше дұрыс шешім, - дейді сарапшы.
Рауан Кенжеханұлы қолда бар платформалардағы қазақша мазмұндағы материалдарды көбейтіп, қазақша жарнама көбеюіне ықпал еткен әлдеқайда тиімді.