«Майдан-3» операциясы биыл жыл соңына дейін болуы мүмкін
Украина президенті Владимир Зеленский Ұлыбританияның The Sun газетіне сұхбат беріп, Ресейдің Украинада жыл соңына дейін төңкеріс жасауды жоспарлап отырғанын айтты.
Оның айтуынша, төңкеріс «Майдан-3» деп аталады. Операцияның мақсаты – Зеленскийді президент қызметінен алып тастап, оның орнына ресейшіл саясаткерді орналастыру.
Ресей «Майдан-3» операциясын биыл жыл соңына жоспарлаған. Оның мақсаты – мені президент қызметінен алып тастау. Қолда бар дерекке қарағанда, олар мені өлтірмеуі мүмкін. Бірақ президенттік орынтағымнан алып тастау үшін кез келген айла-тәсілді қолданады деп естіп жатырмын, – деді ол.
Сондай-ақ Зеленский соғыс басталғалы бері өзіне біраз қастандық жасалғанын, тіпті оның санынан жаңылып, дәл қазір неше рет өміріне қауіп төнгенін айта алмайтынын ескертті.
Газет тілшісінің: «Егер де Украинада Путинді өлтіруге мүмкіндік болып жатса, оны пайдаланар ма едіңіз?» деген сұрағына Зеленский: «Бұл – соғыс. Украинаның өз жерін қорғаудың барлық амал-айласын қолдануға хақысы бар», – деп жауап берді.
Яғни, осы орайда Зеленский Путинді өлтіруге бір мүмкіндік болса, оны істеуге болатынын ишаралап отыр.