Кодты айырбастау қиындық тудыруы мүмкін
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан +997 жаңа телефон кодынан неге бас тартқанын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында министрге журналист: «Былтырдан бері Қазақстан +997 телефон кодына өтеді деп бірнеше рет хабарланды. Алайда кейінгі ақпаратқа сәйкес, еліміз бұл кодқа өтпейтін болыпты. Оған не себеп? Ресей тарапынан қандай да бір қысым болды ма? Неге телефон коды өзгермейді?» – деген сұрақ қойды.
Бағдат Мусин Ресей тарапымен келіссөз жүргізілгенін атап өтті.
+997 телефон коды бізде резервте тұр. Бірақ қазақстандықтардың шағымын ескердік. Осылайша, Қазақстан неге +7 кодынан кетуі керек деген сұрақты өзімізге қайта қойдық. Тарихқа көз жүгіртсек, Кеңес үкіметі құлаған кезде +7 Ресейде қалды. Содан кейбір мемлекеттер одан шыға бастады. Бірақ Қазақстан Ресеймен ведомствоаралық келісімге келіп, +7-ден кейін +77 коды Қазақстанда қалды. Бірақ ол құжат ведомствоаралық сипатқа ие. Құжатта «екі жақтың біреуі осы келісімшарттан бас тартамыз десе, жарты жылдан аспай, екінші тарапқа оны хабардар етуі керек. Нәтижесінде шарт бұзылады» деген пункт бар. Бұл пункт маған ұнамады. Яғни біз кодсыз қалуымыз мүмкін еді. Cондықтан осы мәселені Қазақстан тарапы қайта талқылап, Ресеймен бір мәмілеге келді, - деді министр.
Оның айутынша, ведомствоаралық келісімшарт енді үкіметаралық сипатқа ие болады. Осылайша, Қазақстан Парламенті мен Ресей Думасы құжатты ратификациялауы керек.
Құжаттағы «бас тарту» деген пункт алынып тасталады. Біз +77 кодын өзімізге қалдырып, мемлекетаралық деңгейде келісімшартты бекітеміз. Яғни қазақстандықтарға ыңғайлы болғанын қалаймыз. Жаңа кодқа ауысамыз десек бізге бір жыл жетеді. Ол қиын емес. Алайда 20 млн абонентіміздің басқа интернет-платформаларда тіркеген кодтарын жаңарту жұмысты қиындатады.
Сондықтан Қазақстан +997 кодын резервке қойды. Бірақ +77-ні өз кодымыз ретінде қалдыру үшін Ресеймен келісімшартты талқылап, бір мәмілеге келдік. Қазір мемлекетаралық тиісті процедура жүріп жатыр», - деп түйіндеді сөзін Бағдат Мусин.