«Қазақстан темір жолы» АҚ пойыздардың неге кешігіп келетінін түсіндірді
Ұлттық компания мәселені қалай шешу керектігін біледі
«Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев пойыздардың неге кешігіп келетінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол компанияның жұмысына сын барын ашық айтты.
Жолаушылар тасымалы бойынша негізгі сын – қызмет көрсету, пойыздардың кешігуі, вагондардың жай-күйі. Біз қызметтерді жақсарту үшін тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ Deutsche Bank-пен жұмысты бастадық, - деді Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ басқарма төрағасы пойыздардың жиі кешігу себебін түсіндірді.
«Пойыздардың кешігуі теміржол жағдайымен байланысты. Біз қажет жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мәселен 2023 жылы жөндеудің барлық түрінің көлемі 50%-ға ұлғайды. Паркті жаңарту мәселесін Көлік министрі Марат Қарабаев толық баяндады.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қойылған міндеттерді шешу бойынша нақты көзқарасы бар. Оны орындау үшін бар күшін салады, - деді басшы.
Бұған дейін Көлік министрі Қазақстанда 300 жолаушы вагоны жетіспейтінін айтқан еді.