Осы жағынан осал болып тұрмыз, - дейді ол
Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов қазақ жігіттерінің өзбек боксшыларынан осал екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол «Спорт министрі» YouTube арнасына берген сұхбатта айтты.
Жаттығу барысынан бізден асып тұрған ешкім жоқ. Барлық жерде ауызбіршілік бар. Өзбектердің бізден артықшылығы – жігіттері тәртіпті, спортшылары еңбекқор. Үйіне келіп, үй шаруасын істеп, малға қарап, жер аударып жүрген жігіттер. Біз осы жағынан осал болып тұрмыз. Біздің балалардың бәрі – қаланың балдары. Мен кейде «байдың балдары» деп кекетіп қоямын. Бәрі ақсаусақ сияқты болып кетті.
Сол үшін ешкімді аямау керек. Қазақтың балаларын кішкентай кезінен жұмысқа салу керек. Жұмыстан ешкім өлмейді, керісінше, күшейеді, қатаяды», - дейді бас бапкер.
Сондай-ақ ол өз қателігі мен әлсіздігін ұлттық құрамадағы мамандарға жабатын спортшылар туралы да айтты.
Жігіттеріміздің кейбірі тойлап қойды, жүріп қалды. Сөйтіп, өзінің бабына келмей, дұрыс бокстаса алмай, мамандарды кінәлағандары өте ұят деп ойлаймын. Мен естімей-ақ, кім айтуы мүмкін дегенге айтып жатырмын. Адам бірінші кезекте кінәні өзгеден емес, өзінен іздеуі керек.
Азия ойындарында жетісікке жетпей қалдық. Мен біреуді айтып жатырмын ба? Өзімізден іздеп, кем-кетікпен жұмыс істеп, қайтадан күшті болуға команданы шақырып жатырмын. Бірақ арада анау жаман, мынау жаман деген іріткі болады», - дейді ол.