Halyq Uni логотип
×

Ердоған Израильді «террорист мемлекет» деп атады

Ал ХАМАС-ты ол «Палестина халқы таңдаған саяси партия» деді

 Дастан Жұмабекұлы 16.11.2023 | 14:17
Ердоған Израильді «террорист мемлекет» деп атады
Фото: aa.com.tr

Түрік Республикасының президенті Режеп-Тайып Ердоған Израильді «Газа секторында әскери қылмыс жасап, халықаралық құқықты бұзды» деп айыптап, оны «террорист мемлекетке» теңеді. Ал ХАМАС-ты ол «Палестина халқы таңдаған саяси партия» деп атады. Бұл туралы aa.com.tr хабарлады.

Анадолы агенттігінің мәліметіне қарағанда, Ердоған Түркия парламентарийлерінің алдында сөйлеген сөзінде Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың қызметте ұзақ қалмайтынын айтты.

Израиль – террористік мемлекет. Мен мұны ашық айтамын. Кейбіреулер ХАМАС-ты террористік ұйым дейді. Мен оны террористік ұйым деп айта алмаймын. Өйткені ол сайлауда Палестина халқының дауысын алып, жеңіске жеткен. Оның жеңісін АҚШ пен Израиль тартып алып жатыр, – деді ол.

Ал Израиль болса, осы күндері көрші елдердің айыптауларына қарамай, Газа секторында соғысып жатыр. Мысалы, Израильдің қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Газадағы «Әл-Шифа» ауруханасында «ХАМАС радикал тобы жасырынған жерлерге операция» жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Израиль әскерилері бейбіт халықты ауруханадан жаппай көшіріп, медициналық мекеменің басшылығымен хабарласып отырғанын айтады. Бұл операцияға араб тілін білетін медқызметкерлер мен басқа да адамдар қатысып жатыр. Олар арнайы дайындықтан өтті, – деп мәлімдеді ЦАХАЛ.

Қазір ауруханадағы адам саны белгісіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызметкерлерінің айтуынша, ауруханада 4 100 адам (700 науқас, 400 қызметкер және шабуылдан қашқан 3 мың бейбіт тұрғын) бар. Бұған дейін ХАМАС-тың бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі «Әл-Шифада» 2 300 адам бар (600-650 науқас, 200-250 қызметкер және 500 бейбіт тұрғын) деген.

БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы Газа секторының солтүстігінде, яғни Газа қаласы мен оның айналасындағы 24 аурухананың арасында науқастарды қабылдайтын бір ғана аурухана – «Әл-Ахли» қалғанын хабарлады.

БҰҰ мәліметінше, 18 аурухана толығымен жабылып, ондағы науқастар мен қызметкерлер эвакуацияланған. Үшеуі – «Ән-Наср», «Әр-Рантиси» мен «Әл-Кудс» кейінгі үш күнде жабылған.

Қаладағы ең үлкен «Әл-Шифа» ауруханасы мен тағы 5 аурухана пациенттерге негізгі көмекті көрсетіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама