Halyq Uni логотип
×

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатаң тосқауыл қою керек – Ерлан Қарин

Осындай әрекеттерге көз жұма қарайтын болсақ, онда мемлекет қабылдап жатқан шаралардан еш нәтиже шықпайды

 Дастан Жұмабекұлы 15.11.2023 | 10:04
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатаң тосқауыл қою керек – Ерлан Қарин
Фото: Halyq Uni

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте істеліп жатқан шаралар туралы пікір білдірді.

Ол Қазақстанда 2020 жылдан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында жүйелі шаралар қабылданып келе жатқанын, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамаларын іске асыру аясында полицияның тиісті бөлімшелерінің штаттық саны артып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық істерін қарау үшін тергеуші әйел мамандығы енгізілгенін, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері туралы үнемі айтып, жүгенсіздіктің кез келген түріне, вандализм мен зорлық-зомбылыққа қатаң тосқауыл қойып, әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс үшін жазаны күшейтуді қолдайтынын ескертті.

«Елімізде заңдылық пен тәртіп қағидатын орнықтыру ісі вандализм, балаларға қарсы қылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты жағымсыз құбылыстармен күрестен басталады. Мұндай құқықбұзушылықтарға қойылатын алғашқы және өте маңызды тосқауыл ─ азаматтардың оларға бейжай қарамауы. Сондықтан елімізде жүгенсіздіктің, озбырлықтың және қылмыстың кез келген түріне мүлде төзбеушілік ұстанымын қалыптастырудың мән-маңызы зор. Қоғамда белсенді азаматтық көзқарас үстемдік құрып, ізгілік, тілектестік, өзара көмек сияқты басты құндылықтар дәріптелуге тиіс.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері туралы үнемі айтады. Оның сөйлеген сөздерінен дәйектілік және мызғымас ұстаным байқалады. Президент жүгенсіздіктің кез келген түріне, вандализм мен зорлық-зомбылыққа қатаң тосқауыл қою керек, әсіресе, әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс үшін жазаны күшейту қажет деп есептейді, – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, елімізде 2020 жылдан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында жүйелі шаралар қабылданып келеді. Заңнамадағы соңғы түзетулерге сәйкес, енді мұндай қылмыстар тек жәбірленуші арызының негізінде ғана емес, сонымен бірге куәгерлердің, көршілердің мәліметі, бейнекамералардың жазбасы мен басқа да негізде анықталатын болады. Бұдан бөлек, қазір бір рет ымырағы келген тараптардың кейін қайта татуласуына жол берілмейді. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. 

Әрине, қоғамда басқа көзқарас та бар. Кейбіреулер заңнаманы одан әрі қатаңдату мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткішін төмендетеді деп есептейді. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, жазаның қатаңдығы және одан бұлтару мүмкіндігінің болмауы – қылмысқа қарсы іс-қимылдың ең тиімді тетігі, – деді Ерлан Қарин.

Осы ретте ол бұл мәселені тек заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы шешу мүмкін емес екенін, азаматтардың көзқарасы, моральдық ұстанымы да өзгеруі керектігін айтты.

Осындай әрекеттерге көз жұма қарайтын болсақ, онда мемлекет қабылдап жатқан шаралардан еш нәтиже шықпайды. Яғни, деструктивті мінез-құлықтың кез келген түріне қарсы күрес кешенді іс-қимылды талап етеді. Қоғамда қылмысқа мүлде төзбеушілік қағидаты, ал мемлекеттік деңгейде заң мен тәртіп қатаң сақталу қағидаты дәріптелуі керек.

Сондықтан мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар жүгенсіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы тұрудың тиімділігін арттыру үшін күш жұмылдырып, ортақ амал-тәсіл әзірлеуі қажет», – деді мемлекеттік кеңесші.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама