Ол Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Алексей Громовқа бағынады
«DALA инсайд» Telegram-арнасы пропагандистің кураторатын тапты.
«Кеосаянның қожайынын іздестіруге атсалысқан америкалық әріптестерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бізге жеткен мәлімет бойынша, ерлі-зайыпты Симонян мен Кеосаян Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Алексей Громовқа бағынады. Путиндік пропаганда деп аталатын экожүйенің «жаяу әскеріне» жөн сілтеп, бағыт-бағдар беретін дәл осы Громов. Кремль кулуарында оны «Куратор» дейді. Бұлардың өз арасында «аса құпия тақырыптарды» талқылайтын «сары телефон» бар. Ешкімге тиіспей тыныш жатқан Қазақстанға соқтығу туралы бұйрық осы «сары телефоннан» түскен. Тигранның алдындағы мәтін де Громовтың мақұлдауынан өткен», - делінген хабарламада.
Сонымен Громов кім деген сұраққа «DALA инсайд» былайша жауап береді.
«Ол мемқұпия санатындағы мәліметтің сыртқа таралмауын, азат ойлы, тәуелсіз контенттің зомбиланған орыс қоғамына өтіп кетпеуін бақылайтын тұлға. Путинді пір тұтатын ақпараттық саясаттың төбе басында тұр. Кремльге бағынышты БАҚ-тың жұмысын жүйелейтін де сол.
Громов Маргарита Симонян басшылық ететін Russia Today-дың негізін қалаушылардың бірі. Кремльдің пулына кірген Симонянды қолынан жетектеп RT-ға ертіп әкелген де, кейіннен «Россия сегодня» агенттігінің тізгінін ұстатқан да өзі.
Симонян Громовтың сыбайласы. 2013 жылы әйелінен ажырасып, Маргаританың құшағына кірген Тигран Кеосаян да Громовтың сенімді адамдарының сапында. Пропагандаға бөлінген аста-төк ақшаны осы «үштік» бірігіп игереді.
Кремль көсемімен 1988 жылы Прагада танысқан. Алдымен Ельциннің, кейін Путиннің баспасөз хатшысы (Песковке дейін) болды. 2000-жылдардың бас кезінде тәуелсіз НТВ арнасына баса-көктеп кіріп, арнаны Путинге тартып әперуге атсалысты.
Медианарыққа бөлінген миллиардтар алдымен Громовтың әмиянына ауады, артынан Сисясян, Кеосаян секілді үгіт-насихатшыларға үлестіріледі. Громовты бейресми «Пропаганда министрі» деп те атайды.
Бізге жеткен мәлімет бойынша Кремль көсеміне қажетті «дайджесті» дайындайтын Громов Кеосаянның аузымен айтылған ала-құла ақпаратты Путиннің алдына алып барған», - делінген жауапта.
Ал жаңағы «сары телефон» туралы айтқанда «DALA инсайд» 23 жыл бойы Путиннің жанынан ұзамай жүрген Громовтың жаңа техниканың тілін түсінбейтінін, әлі күнге дейін кнопкалы телефонды қолданатынын айтады.
«Бұл тұрғыда Путин екеуі ұқсас. Қазақстанға жасалған ақпараттың шабуылдың артында Ресейдің президентінің әкімшілігі тұр. Громовтың тағы да қандай провокацияға барары белгісіз. Ал Кеосаян болса «сары телефонды» айналсоқтап, президент әкімшілігінен түсетін қоңырауды күтіп жүр дейді», - деп тоқетерін жазады «DALA инсайд».