Сенатор азық-түлік инфляциясына қарсы ұсыныстарын айтты
Сенатор Ақылбек Күрішбаев премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, азық-түлік инфляциясының рекордтық деңгейге жеткені туралы мәселе көтерді.
Сенатор Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі түрлерін экспорттайтын әлемдегі 10 елдің қатарына кіретініне қарамастан азық-түлік бағасының өсуі бүгінде қазақстандықтарға маңызды мәселеге айналғанын атап өтті. Депутат бұл ретте біздің еліміз азық-түлік инфляциясының деңгейі бойынша басқа көптеген елдің алдына түсіп кеткеніне назар аударды.
Қазір біздің мемлекеттік органдар өрт сөндіру әдісімен жұмыс істейді деп айтуға болады, олардың қимылы алдын алу сипатындағы шараларды қолдануға емес, аяқ асты туындаған жағдайға жауап қайтаруға ғана бағытталған. Ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелілік жоқ, - деді Ақылбек Күрішбаев.
Сенатор «азық-түлік тәуелсіздігі» ұғымын заңнамалық деңгейде дәл анықтап, бекітілуге тиіс және тамақтану нормасын анықтауда нақты тәсілдерге көшу керек деп санайды.
«Бізде азық-түлік қауіпсіздігі доктринасы қабылданып, оның нақты көрсеткіштері, бағалау өлшемшарттары мен қамтамасыз ету тетіктері айқындалуға тиіс. Барлық дамыған елдерде бұл мәселелер ұзақ мерзімді экономикалық байланысты қалыптастыра отырып, белгіленген бағамен форвардтық және фьючерстік келісімшарттарды дамыту арқылы шешіледі. Сондықтан оларда азық-түлік тауарларын ішкі нарыққа белгіленген бағалар бойынша жеткізудің тұрақты көлемі сақталып отырады. Осы себептен аталған елдерде азық-түлік инфляциясы біздегідей көтерілмейді», - деді сенатор.
Ақылбек Күрішбаев сондай-ақ өсірілген өнімді ішкі азық-түлік нарығына форвардтық келісімшарттар бойынша және белгіленген бағаларға сәйкес жеткізуді субсидия алудың міндетті шарты ретінде енгізу қажеттігін атап өтті. Сенатор егер осы тетікті әзірлейтін болса, форвардтық келісімшарттарға аванс беру есебінен ауылдағы тауар өндірушілерінің айналым қаражатын толықтыру, яғни несиелендіру мәселелері де бір мезгілде шешілетінін атап өтті.