Қазақстан палестиналықтардың өз мемлекетін құруын қолдайды – Сыртқы істер министрі
Еліміз тарапынан қосымша гуманитарлық көмек көрсету жоспарланып отыр
Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Араб мемлекеттері лигасы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының кезектен тыс бірлескен саммитінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі палестиналықтардың өз мемлекетін құрудағы заңды құқықтарын қолдайтынын мәлімдеді.
Саммит барысында Араб мемлекеттері лигасы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің өкілдері Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты өз ұстанымдарын білдірді.
ҚР премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанның палестиналықтардың өз мемлекетін құрудағы заңды құқықтарын қолдайтынын мәлімдеді. Министр еліміздің БҰҰ қарарларына сәйкес, «Екі халық, екі мемлекет» формуласын іске асыру Палестина халқының бейбіт және қауіпсіз болашағын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы екенін атап өтті.
Біздің ел палестиналықтардың өзін-өзі ел ретінде анықтап, Палестина мемлекетін құруға заңды құқықтарын толығымен қолдайды, - деді Сыртқы істер министрі.
Сондай-ақ ол Қазақстанның Газа секторында қалған бейбіт тұрғындарға жақында ғана 1 миллион доллар қайырымдылық жасағанын және қосымша гуманитарлық көмек көрсету жоспарланғанын алға тартты.
Одан бөлек, Сыртқы істер министрі қазір Газада жүрген 150-ден астам қазақстандықтардың, негізінен әйелдер мен балалардың Рафах бақылау-өткізу бекетінен шыға алмайтынына алаңдаушылық білдірді.