Биылғы әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін тағы бір сабақ алатындай жарыс болды
Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне қатысқан ел құрамасының ойынын қорытындылады.
Ол Теннис федерациясының атынан Қазақстанның әйелдер құрамасының Испанияның Севилья қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатындағы сәтсіздігін түсіндірді. Федерацияның вице- президенті Қазақстан теннис құрамасының Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жақсы ойыншылармен барғанын айтты. Оның айтуынша, шын мәнінде Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне әлемнің үздік теннисшілері қатысады.
Федерацияның өкілі Қазақстан құрамасына сәттілік жетіспегенін жасырмады. Ол алдымен жарақатына байланысты Елена Рыбакинаның ойнай алмағанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Рыбакинаның денсаулығы жақсы, өзі бабында болғанда, әлемнің кез келген теннисшісін жеңе алатынын ескертті.
Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирінен бастап жарақатпен алысқанын көрдік. Соның кесірінен Уимблдон чемпионы атағын қорғай алмады. АҚШ-тағы жарыстар ойдағыдай нәтиже бермеді. Соған қарамастан, біз оның дайындығы үшін барлық мүмкін жағдайды жасадық. Өкінішке қарай, корттың сапасы нашар болғандықтан, Мексиканың Канкун қаласында өткен WTA қорытынды турнирінде арқасынан жарақат алды. Лена Севильяға үлкен үмітпен барды. Дайындалды. Бірақ ол ойынға 100 пайыз дайын болу керек еді. Әлемдік рейтингте қанша жоғары тұрсаң да, толық дайын болмасаң, ойнай алмайсың. Командалар құрамына қарасақ, Ига Швентек, Джессика Пегула, Кори Гауфф, Каролина Мухова сияқты маңдайалды теннисшілер барған жоқ. Ал Рыбакина бізбен бірге болып қана қоймай, қосалқы құрамда кортқа шыққан теннисшілерімізді қолдап отырды, – деді Диас Досқараев.
Оның айтуынша, Елена Рыбакина қашанда ел құрамасы үшін ойнауды басты міндет деп есептейді. Бұған былтыр Германиямен матчта екі маңызды ұпайды командасына алып бергені дәлел. Соның арқасында Қазақстан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Биыл да Польшамен кездесуде дәл солай болды.
Екінші жағынан, басқа теннисшілердің кортқа шығуына мүмкіндік берілді. Юлия Путинцева бірінші ракетка болса, Анна Данилина жекелей сында өнер көрсетті. Әрине, Рыбакина жетіспеді.
Сәттілік те қарсыластар жағында болды. Топтағы үш команданың ұпайлары бірдей болып, тек қосымша көрсеткіштерді есептегенде, жартылай финалға шығу үшін Қазақстан құрамасына небәрі екі сет жетпей қалды. Сөйтіп, топта Словения жеңімпаз атанса, Қазақстан екінші, әлемнің жеті дүркін чемпионы, өткен жылғы финалист – Австралия үшінші орында қалды. Бұл бәсекелестіктің мықты екендігін көрсетеді. Өткен жылы Глазгода да сет айырмашылығынан Қазақстан жартылай финалдан тыс қалған еді, – деді Диас Досқараев.
Жалпы, биылғы әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін тағы бір сабақ алатындай жарыс болды. Соңғы екі-үш жылда әлемдік рейтингіде жоғары көтеріліп келе жатқан Жібек Құламбаева алғаш рет жеңіске жетті. Қазір Жібек жұптық сында әлемдік рейтингіде 149-орында. Словениямен матчта Анна Данилинамен бірге ойнаған Құламбаева өзін жақсы қырынан көрсетті.
Жібек пен Анна – біздің болашағымыз. Жібектің Team Kazakhstan академиясының түлегі екендігі қуантады. Осы академиядан түлеп ұшқан Аружан Сағындықова да құрамада болды. Бұл оның өз шеберлігін одан әрі жетілдіре түсуіне серпін береді.