Халық саны көбейгенімен, экономикалық модель ескірді – депутаттар

Дәурен Ерболат

Мәжіліс депутаты экономика дамуы үшін Қазақстанда халық саны 40 млн адамға жету керек деп есептейді

көрнекі фото: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросы соңғы жүргізілген халық санағын 2009 жылғы санақ деректерімен салыстыра отырып берді. Қазақстанда халық санағы соңғы рет 2021 жылы жүргізілді. 2009 жылғы санақтан бері Қазақстан халқы 20% өскен. Тиісінше, 2021 жылғы 1 қыркүйектегі санақ қорытындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құрады.

Демографиялық өсім 20%: аз ба, көп пе? Қазақстандағы халық саны экономикаға тікелей әсер ете ме? Қазақстан экономикасы өзін жайлы сезіну үшін халық саны кем дегенде қанша миллион болуы керек?

Осы мәселеге қатысты Halyq Uni тілшісі бір топ Парламент депутаты мен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың пікірін білді.

Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев экономика дамуы үшін Қазақстанда халық саны 40 млн адамға жету керек деп есептейді.

Көрші Өзбекстанды алыңыз, халқының саны 36 миллионға жетті. Қазақстанның алып территориясы үшін 20 млн адам аздық етеді. Экономикамыз дамуы үшін Қазақстан халқының саны 40 млн адамға жетуі керек, - дейді депутат.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева санға емес, сапаға мән беру керек деген ұстанымда.

Адам капиталына көңіл бөлуіміз керек. Қоғамдағы әрбір адам өз орнын табуы керек. Дұрыс жұмыс тауып, өзін және айналасын қамтамасыз ете алатындай болуы керек. Сонда ғана ол адам экономикаға да үлесін қосады, - дейді депутат.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстан үкіметінің бағдарламасында демография мәселесі қамтылмағанын айтты.

«20 млн деген межеге енді ғана жеткелі отырмыз. 2024 жылдың І тоқсанында демографиялық өсімге қатысты Үкімет сағатын өткізгелі отырмыз. Демография не үшін керек? Бірінші кезекте, демография мемлекеттің экономикалық, рухани және әлеуметтік қуатын арттыратын фактор.

Өкінішке қарай, біздің мемлекеттік бағдарламаларда, Үкіметтің ұлттық жоспарында демография мәселесі көп қамтылмайды, ескерілмейді. Әлеуметтік бағдарламаларды іске асырғанда халықтың демографиялық өсімін ескеріп отыру керек», - дейді сенатор.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлеуметтік мәселенің ушығуына халық санының көбеюі емес, экономикалық модельдің ескіргені әсер етіп отырғанын айтты.

«Минимум және максимум деген бос сөз. Халықтың арасында «Біздің даланы игеру үшін кемі 50 млн халық керек. Сонда ғана өзімізді өзіміз қамтамасыз етеміз, экономикамыз өседі» деген сыңайда тараған бір жалпылама әңгіме бар. Бірақ мына мәселені ескерейік: неге осыдан 10-15 жыл бұрын әлеуметтік мәселелер қазіргідей өзекті болған жоқ? Қазір халықты шарықтаған баға, жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелер жиі алаңдатып отыр.

Халық өзгеріп кеткен жоқ, бірақ кезінде мұнай мен шикізатқа қатысты қалыптасқан экономикалық модель шегін көрсетіп отыр. Ол модельге жаңадан келіп қосылған (20% өсім) халық сыймай барады. Олардың дені – жастар. Президенттің жаңа экономикалық модель керек деп отырғаны да осыдан», - дейді Айдос Сарым.

Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов демографияға серпіліс беру үшін халықтың әл-ауқатын көтеру керек деп санайды.

Халық неғұрлым білімді болса, сауатты болса, әл-ауқаты жоғары болса, соғұрлым демография да дұрыс жолмен өседі, - дейді сенатор.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазіргі демография қарқыны оң динамика көрсетіп отырғанын айтты.

Бір кезеңдерде Қазақстандағы халық саны 14 млн адамға дейін азайды. Бірақ өсім қайта басталып, 20 млн адамға жетіп қалдық. Дәл осы қарқынмен біз әрі қарай көбейе береміз. Демографияның өсуі экономикаға тікелей әсер етеді.

Халықтың күші болуы керек. Ол үшін қазіргіден (20 млн адам – авт.) екі есе көбеюіміз қажет. Бұйырса сол күнге де жетеміз, - деді министр.