Журналист Сартүбектен ел көмек сұрап жатыр деді
Әлеуметтік желіде белгілі журналист Анар Төлеухан Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде салынуы тиіс құрылысты сынап, Торғай облысының ашылуына мүдделі ынталы топқа Сарытүбек ауылынан көмек сұраған хат жолданғанын жазды.
Ол Үкіметтен осы мәселені шешуді сұрады.
Шұғыл! Дабыл қағамыз!
Қазақстан Республикасы Үкіметіне!
Барлық жанашыр жандарға!
Торғай облысының ашылуына мүдделі ынталы топқа ауылдан, Сартүбектен көмек сұраған хабар жетті», - деп бастады сөзін Анар Төлеухан.
Одан кейін ол хатта ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде салынуы тиіс құрылыстың масқарасы айтылғаны көрсетілген деп жазған.
«Бүгін Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбектегі Ахмет атаның түгел сырылып, қайта тұрғызылғалы жатқан құрылыс басына барғанбыз. Оны салуды жергілікті жерден емес, сырттан бөтен жігіттер ұтып алған екен. Ал мына бастаған құрылыстарына мүлде көңіл толмайды. Ойларына ерен тұлғаға әрең дегенде, зарығып жетіп салынып жатқан дүние екені кіріп те шықпайды. Әңгімелеріне қарасаң, тура бір жай сарай тұрғызып жатқан сияқты. Проектіні оқиық, сызбасында қай жерінде қандай материал қажет деп жазыпты, көрейік десек, көрсетпейді. Ал құйған фундаменттері жабайы. Ауылда қораның іргетасына салынатын тастардан қалап жатыр. Қабырғасына деген кірпіштерінің де сапасы өте төмен. Әрі кетсе екі-үш жылда мына іргетас пен мына кірпіш жарылып, отырып қалады.
Құрылыс жайын Ақкөлдегі Қожа ағамыз аудан әкіміне ескерткен. Бірақ аудан әкімі де құлықсыз сияқты. Екі ауылдың әкімдерінің тіпті бас қатырғылары келмейді. Елі үшін құрбан болған атамызға Үкіметтен бұдан кейін қаржы бөлініп, бірдеңе тұрғызылады деу қиын. Осының өзін ойбайлап жүріп тұрғызайын деп жатқанда мына жасалып жатқаны сұмдықтың өзі, нағыз масқара! Бөлінген қаражат құрлысшыларға тегіс жетпеген болар, тендердің сондайы бар ғой» деп іргетасы қалай қаланып жатқаны жайлы бейнежазбаны жіберіпті», - деді ол.
Бұдан әрі ол облыс әкімінің құрылыстың сапасын тікелей бақылауда ұстауы керектігін, ал Үкіметтен Торғай өңірінде болып жатқан барлық бассыздықты болдырмауды сұрады.
«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегеніндей, Архимед әкімнің Ахмет Байтұрсынұлына жаны ашымақ түгіл, қастығы бар ма деп ойлайтындай ғой мына іс!
Қазақстан Республикасының Үкіметі, тез арада облыстағы барлық бассыздықтың басы болып отырған әкімнен мына жұртты қашан құтқарасыздар? Істелген, я бастаған істерінің бірінде береке жоқ Бегежанұлының орнына елге, жерге, халыққа жаны ашитын, Ахметтей арысты қорламайтын бір азамат табыңыздар! Ал Сартүбектегі мына бассыздық жедел тоқтатылсын!» - деді ол.