«Көпентанушылардан гөрі, Көпенді танитындар көп»: бүгін – сатира саңлағының өмірден өткен күні

Еркеғали Болатұлы

Шын мәнінде, Көпен Әмірбек – сатирик болып туған тұлға

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

9 қараша – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының және өзі туып-өскен Отырар ауданының құрметті азаматы, «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және БАҚ саласындағы Президент сыйлығының екі мәрте иегері Көпен Әмірбектің жалғаннан бақиға аттанған күні. Яғни, бүгін қазақ сатирасының саңлағымен қимай қоштасып, жер қойнына тапсырғанымызға тура бір жыл болды.

Қаламгер әріптестерінің Көпен Әмірбек туралы естеліктерін оқып отырсаң, құдды бірі-бірінің аузына түкіріп қойғандай, ол кісіге қатысты «сатираның сарбазынан сардарына айналған» деген сөз жиі ұшырасады. Белгілі сатирик Сейіт Кенжеахметовтің қанатты сөзге айналған «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген тәуір тіркесіне сүйенсек, шығармашылықтың басқа түріне қарағанда, осы сатираның жанрларын меңгеру де екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Ал оның сардары атану – тіптен қиын! Бұл ретте Көпен Әмірбектің талай сұмның сағын сындырған сықақтың, оспадарлықты осып өткен оспақтың оқ бойы озық өкілі Оспанхан Әубәкіровтен кейін жоғары дәрежеде аталуының өзі – көпті күлдіре білу өнерін меңгеруде аз тер төкпегенінің нәтижесі.

Фото: Сатира саңлақтары

Сатираның «жілігін шағып, майын ішіп» зерттеген ғалым-ұстаз Темірбек Қожакеевтен де «Күлкі – күштілердің қаруы» деген салмақты сөз қалғанын көзі ашық, көкірегі ояу оқырман жақсы білсе керек. Осы жағынан қарасақ, Көпен Әмірбек тек қуақы өлең, әңгімелерден бастап, қуатты фельетон жазуға дейін төселген рухы мықты тұлға ғана емес, сонымен қатар, физикалық күші де мығым азамат болған. Оның студент кезінде еркін күрестен спорт шебері атанғанын екінің бірі біле бермес. «Шын балуанға оң-солың бірдей» дегендей, сондай жігері мұқалмайтын, қайтпас қайсарлығының арқасында соңғы жылдары қатты меңдеген сырқатынан сыр алдырмай жүріп, әзіл-сықақ өлең, әңгіме, фельетон, пародия, шымшыма, мақала, сұхбат, т.б. жанрларды қамтыған 5 томдық шығармалар жинағын өз қолымен құрастырып кетті.

Күрес демекші, Көпен Әмірбек қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуын ғана емес, ұлттық спорт түрлері – бәйге, аударыспақ, қазақ күресі, теңге алу, қыз қуудың жаңаша өріс алуын, ол үшін не істеу керектігін ойластырып жүретін болған. Құдайға шүкір, қазір әр қазақтың ойы мен жүрегінде жүруге тиіс ол арманын Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бастаған жанашыр азаматтар іске асырып жатыр.

Жалпы, Көпен Әмірбектің сахналық скетч, интермедиялар жазып, тіпті, өзінің жеке сатиралық театрын ашып, юморлық телебағдарламалардың сценарийін жазғанның сыртында көптеген БАҚ-та басшылық қызметтер атқарғанын да айта кеткен орынды.

Мысалы, ол:

  • «Егемен Қазақстан» газетінің фельетон бөлімін басқарды;
  • «Ара» журналының тілшілігінен редакторлығына дейінгі сатылардың бәрінен өтті;
  • «Шалқар» радиосының бас редакторы болды;
  • Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағалығына дейін көтерілді.

«Мен жазбаған жанр жоқ» деп Қадыр Мырзалиев айтпақшы, проза, поэзияға дейін қалам тартып көрген Көпен Әмірбек жоғарыда аталған қызметтерінен бөлек, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотта баспасөз хатшысы болғанмен, детектив жанрын қолға алмапты. Қызметтен шығармашылығын биік қойған сертіне берік сатирик қайтадан сол әзіл-оспақ, сын-сықақ жазатын үстелінің шаңын үрледі. Себебі, оны көзі тірісінде-ақ «қазақ әдебиетінің абызы» атанған Әбіш Кекілбаевтың «Күлкі күретамырың екенін ұмытпа! Сен қазаққа керексің» деген бір ауыз сөзі қамшылағанға ұқсайды.

Шын мәнінде, Көпен Әмірбек – сатирик болып туған тұлға. Үнемі көкшіл көзі күлімдеп тұратын. Ақын Ғалым Жайлыбай айтқандай, «Күліп келіп өмірге, күліп өткен» сияқты.

Сондай-ақ Көпекеңнің осы саладағы ізбасарларының бірі Ермахан Шайхыұлы Әмірбектер әулетін «әпенділер әулеті» деп атады. Олай дейтін жөні де бар. Өйткені ағайынды Көпен, Төпен, Базарбек (Балапан Базар бүркеншік атымен танымал), Ерсұлтан – шеттерінен «сен тұр, мен атайын» журналист-жазушылар.

Фото: Бауырлардың ортасында

Соған қарағанда, аналары емізген кезде сүтіне сия қосып берген-ау деп топшылаймын, - дейді қу тілді Ермахан.

Иә, үйдің үлкені Көпен Әмірбек алдымен сол қасындағы «әпенділердің» сардары болған. Бала кезінде әзіл өлеңдер мен жаңылтпаштар жазып, онысы жергілікті һәм республикалық басылымдарға жиі жарияланып та тұрған екен.

«Жайнаған туың жығылмай, жақсы өліпсің япырым-ай!» дейді ұлы Абай. Шынында да Көпен көкеміз – көзден кетсе де көңілден кетпейтін біртуар тұлғаларымыздың бірі. Өзі де бір журналистің «Көпентанушылар көп пе?» деген сұрағына: «Көпентанушылардан гөрі, Көпенді танитындар көп» деп жауап берген екен кезінде. Мұқым жұрттың махаббатына бөленіп жүру дегеніміз – сол, әне! Қайда барса да, кіммен жолықса да сый-құрметтен кенде емес еді.

Фото: Әріптестер арасында

Көзі тірісінде ол кісінің «Көпен келе жатыр!» деген театры болды. Сол атаумен кітабы да шықты. Негізі «Көпен келе жатыр!» деген ұғым атауынан ат үркетін «Ара» журналының атынан өңірлерді аралап жүрген, атағы жер жаратын фельетоншыны жергілікті әкім-қаралардың «дірілдеп» күтіп алатын кезінде қалыптасқан-ды. Ал қазір өмірді юмормен өретін сұлу сөздің зергері Бауыржан Омарұлының: «Көпен келе жатыр!» деп жұрт болып жолына қарай бергенше, оны төрге шығаратын уақыт әлдеқашан жетті», - деп өзі көзін көріп, сарқытын ішкен ағасына танытқан інілік ілтипаты, адал ниеті естен кетпейді. Ескерілуге тиіс есті сөз!

Көпеннің күлкісі

Бірде белгілі қаламгерлер Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов және Көпен Әмірбек үшеуі түскі ас ішіп отырады. Сонда Кәмекең оңтайлы сәтті пайдаланып:

– Әй, Көпен, сен Шерағаң екеуміз туралы пародия жазыпсың. Оқыдым.

«Елім, саған айтам,

Елбасы, сен де тыңда!».

Камал дос!

Сен де құлақ түр!

Себебі, сен – соқа,

Ал мен – трактор! –

депсің. Шерхан – трактор, ал мен соған тіркелген соқамын ба? – деп қатты өкпелейді. Сонда Шерағаң:

– Кәмеке, қу трактор айдалада өзі не істейді? Жердің бәрін жыртатын, істің бәрін тындыратын сойдақ тіс соқа емес пе?! Көпен сізді соқаға дұрыс теңеген, – дейді араша түсіп.

Сонда ғана аңқылдаған ақкөңіл ағамыз:

– А-а, солай ма? – деп риясыз күліп, Көпекеңе өз ризашылығын білдіріпті.

***

Ұстазы әрі бастығы Қалтай Мұхамеджанов «Ара» журналының бас редакторлығынан кетіп, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторлық қызметіне ауысады. «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» дегендей, қолына қалам ұстаған біраз қаламгер сол бос орынға отыруға жанталасып бағады. Олардың арасында «Ара» журналының жауапты хатшысы Көпен Әмірбек те болса керек. Бірақ «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демекші, «Ара» журналының бас редакторы болып белгілі сыншы Сайлаубек Жұмабеков тағайындалады. Көп уақыт өтпей, әлгі қызметтен дәмелі болған Көпенге жора-жолдастары жолығып қалып:

– Көпен, «Ара» журналының бас редакторлығына лайық бір адам болса, сол сен едің. Қалай, жайлы орынға жайғастың ба? – деп сұрайды.

Сонда Көпен:

– Қожа кетіп, оның орнына қожа заменитель келді ғой, – деген екен Қалтай Мұхамеджановтың руы қожа екенін меңзеп.

***

Бірде Көпекең ел тәуелсіздігінің қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің ұсынысымен «Парасат» орденін алады. Салтанатты жиында одақ төрағасына алғыс айтып тұрып:

– Нұреке, арзымайтын еңбегімізді елеп-ескеріп, орден бергеніңізге рақмет! Енді орныңызды берсеңіз, дұрыс болар еді, – деген екен әзілдеп.

***

Фото: Қайран күндер кешегі!

«Айтыстың атасы» атанған Жүрсін мен Көпекең жақын дос. Отбасы болып араласады. Бірде Жүрсіннің анасы қатты ауырып қалады. Жүрсіннің анасы – достарының да анасы. Сондықтан аналарының көңілін сұрап Жүрсіннің достары мен курстастары келеді. Сонда ол соңғы аманатын айтқандай боп:

– Егер мен олай-бұлай боп кетсем, жалғыз Жүрсінімді сендерге тапсырдым, – депті.

Сонда Көпекең қарап тұрмай:

– Жоқ, апа, қайта бізді Жүрсінге тапсырып кетіңізші, – деген екен әзілге бұрып.

Онысы – Жүрсіннің өздеріне қарағанда әлдеқайда бай-қуатты екенін меңзегені.