Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін айтқанмын, - дейді ол
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ниқаб кию мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан заңнамасында ниқабқа тыйым салу нормасы жоқ. Заң аясында бұл мәселе әлі реттелмеген. Бетін тұмшалайтындар туралы біз енді қарайтын боламыз. Өйткені депутаттар осыны сауал ретінде жолдады.
Қазір оны жан-жақты зерделеп жатыр. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін айтқанмын. Әрине, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда, ниқабтарға тыйым салған дұрыс», - деді Аида Балаева Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұған дейін де Қазақстанда ниқаб пен басқа да діни киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салынуы мүмкін екенін айтқан еді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда діни мәселе қазірдің өзінде күрделі болып кеткен. Елді агрессивті исламдандыруға биліктің назарын аудару туралы депутаттар тарапынан бірнеше рет шақырулар болды. Жақын арада Мәдениет және ақпарат министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеу жұмыстарын бастайды.
«Дін мәселелері өзекті бола бастады. Мәселе халықтың діндарлығында емес, діни сауатсыздығында. Дәстүрлі емес діни ағымдардың дәстүрлі дінмен қатар қаншалықты белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан министрлік үш бағытта жұмыс істеп жатыр. Деструктивті материалдарды анықтау мақсатында әлеуметтік желілерге тәулік бойы мониторинг жүргізілді. 1 қаңтардан қыркүйектің соңына дейін терроризм мен діни экстремизмді насихаттау қағидаттарын қамтитын 14 860 материал анықталды», - деді Аида Балаева.