Аудан әкімдері сайлауы қоғамда зор қызығушылық туғызды – Ерлан Қарин

Халық үні

Қазірге дейін 1 700-ге жуық әкім сайланды

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда тұңғыш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин аудан әкімдерінің сайлауы қоғамда зор қызығушылық тудырғанына назар аударды.

Өздеріңізге мәлім, ауыл әкімдерін сайлау 2 жылдан бері өткізіліп келеді. Содан бері 1700-ге жуық әкім сайланды. Аудан әкімдерінің сайлауы қоғамда зор қызығушылық туғызды. 45 әкім лауазымына 125 үміткер таласты. Олардың қатарында түрлі саланың өкілдері – экономистер, заңгерлер, оқытушылар, инженерлер, ауыл шаруашылығы және басқа да сала мамандары болды. 7 саяси партияның бәрі аудан әкімдерінің сайлауында өз үміткерлерін ұсынды, - деп жазды Ерлан Қарин Telegram каналында.

1 497 сайлау учаскесінде кандидаттар сенім білдірген тұлғалар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 8500-ге жуық адам байқау жүргізген.

Өткен сайлау – Орталық Азия аймағындағы алғашқы осындай саяси тәжіриебе. Осылайша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары өңірдегі саяси жаңғырту ісінің жаңа бағдарын айқындап жатыр, - деп жазды Ерлан Қарин.

Айта кетейік, Ұлттық экономика ми­нистр­лігі мемлекет басшысының азамат­тарға аудан әкімдерін қанатқақты режімде сайлауға мүмкіндік беру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыс аудандары мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзір­леді. Бұл нормалар «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына мемлекет бас­шысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңында және «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне мемлекет бас­шы­сының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қарастырылған.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидат Қазақстан азаматы болуы және 25 жастан асқан болуы керек. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Оның мемлекеттік қызметте жұмыс тәжіри­бесінің болуы міндетті емес. Мыса­лы, кемінде 5жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орташа жылдық штат саны кемін­де 50 адам болатын орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің не коммерциялық емес ұйым­дар­дың басшы лауазымдарында кемінде 2жыл жұмыс өтілі немесе Президенттік жас­тар кадрлық резервіне алынған адамдар үшін кемінде 5 жыл жұмыс өтілі және тағы басқалар болуы мүмкін.

Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бір адам қатарынан екі реттен артық аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі болып сайлана алмайды. Сонымен қатар аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихаттарына мәслихат депутат­та­рының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағ­дай­да сенімсіздік білдіру туралы мәсе­ле­ні қарау жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Бұл жағдайда мәслихат депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметтен босату туралы мәселе қоюға құқылы.