Аудан әкімдері сайлауы қоғамда зор қызығушылық туғызды – Ерлан Қарин
Қазірге дейін 1 700-ге жуық әкім сайланды
Қазақстанда тұңғыш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин аудан әкімдерінің сайлауы қоғамда зор қызығушылық тудырғанына назар аударды.
Өздеріңізге мәлім, ауыл әкімдерін сайлау 2 жылдан бері өткізіліп келеді. Содан бері 1700-ге жуық әкім сайланды. Аудан әкімдерінің сайлауы қоғамда зор қызығушылық туғызды. 45 әкім лауазымына 125 үміткер таласты. Олардың қатарында түрлі саланың өкілдері – экономистер, заңгерлер, оқытушылар, инженерлер, ауыл шаруашылығы және басқа да сала мамандары болды. 7 саяси партияның бәрі аудан әкімдерінің сайлауында өз үміткерлерін ұсынды, - деп жазды Ерлан Қарин Telegram каналында.
1 497 сайлау учаскесінде кандидаттар сенім білдірген тұлғалар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 8500-ге жуық адам байқау жүргізген.
Өткен сайлау – Орталық Азия аймағындағы алғашқы осындай саяси тәжіриебе. Осылайша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары өңірдегі саяси жаңғырту ісінің жаңа бағдарын айқындап жатыр, - деп жазды Ерлан Қарин.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі мемлекет басшысының азаматтарға аудан әкімдерін қанатқақты режімде сайлауға мүмкіндік беру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыс аудандары мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірледі. Бұл нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңында және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қарастырылған.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидат Қазақстан азаматы болуы және 25 жастан асқан болуы керек. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Оның мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті емес. Мысалы, кемінде 5жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орташа жылдық штат саны кемінде 50 адам болатын орта кәсіпкерлік субъектілерінің не коммерциялық емес ұйымдардың басшы лауазымдарында кемінде 2жыл жұмыс өтілі немесе Президенттік жастар кадрлық резервіне алынған адамдар үшін кемінде 5 жыл жұмыс өтілі және тағы басқалар болуы мүмкін.
Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бір адам қатарынан екі реттен артық аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі болып сайлана алмайды. Сонымен қатар аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихаттарына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарау жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Бұл жағдайда мәслихат депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметтен босату туралы мәселе қоюға құқылы.