Шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты
Қарағанды облысының Костенко шахтасындағы апатқа кінәлілер жеңіл жазадан құтылмауы керек. Бұл туралы сенатор Сергей Ершов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол Костенко шахтасындағы апатқа байланысты премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.
Депутат «Арселор Миттал Теміртауда» апаттар жиі болғанын еске салды. Қайғылы оқиғаның негізгі себебі – жабдықтардың тозуы.
«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы елімізде жұмыс істеген жылдары көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыру бойынша жұмысты тиісті деңгейде жүргізбеді. Салдарынан осындай қайғылы оқиғалар болды. Өткен ғасырда шығарылған құрал-жабдықтар әлі де пайдаланылады. Тозған жабдық жұмысшылардың өміріне және денсаулығына қауіп төндіреді. Бүгінде көптеген кәсіпорынның иелері ақша үнемдеуді көздеп, жабдықты ауыстырмайды. Олар бақылаушы органдар талап ететін өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізумен шектеледі, - деді Сергей Ершов Сенаттың жалпы отырысында.
Оның пікірінше, бүгінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту мен техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын келісу, сондай-ақ кәсіпорындардың оны уақтылы орындау жөніндегі міндетін бекіту функциясын беру керек.
Сондай-ақ сенатор Костенко шахтасындағы апатқа байланысты тергеудің әділ жүргізілуі, кінәлілердің жазаға тартылуы қажеттігін атап өтті.
Қазір қоғамда аталған трагедияға кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе әділ көтеріліп отыр. Бүгінгі тәжірибе көрсеткендей, қаупі жоғары салаларға мемлекет тарапынан қатаң бақылау қажет. Осындай қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар жеңіл жазамен құтылып кетпеуі керек. Қылмыстық заңнама нормалары өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралының біріне айналуға тиіс, - деді депутат.
Сондай-ақ ол Үкімет басшысынан «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ын мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қайтадан қарастыруды сұрады.
Еске сала кетсек, 28 қазанда Костенко шахтасында апат болып, 46 кенші қаза тапқан еді. Кеше олардың тізімі жарияланды.