Halyq Uni логотип
×

«Өте қауіпті»: депутат Үкіметтен елдегі кедейлердің жағдайын жақсартуды сұрады

Халықты қымбатшылық қысып барады 

 Дәурен Ерболат 01.11.2023 | 17:15
«Өте қауіпті»: депутат Үкіметтен елдегі кедейлердің жағдайын жақсартуды сұрады
фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров сіңірі шыққан кедейлердің мүддесін қорғау мәселесін көтеріп, Үкіметтен олардың жағдайына мән беруді сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бюджетте кедейшілікпен күрес мәселесі әлсіз қарастырылған. 

Бүгінде Қазақстанда 1 млн 16 мың адам ресми түрде кедей ретінде тіркелген. Жоқшылықтың өтіп кеткені соншалықты, адамдар нан, макарон, ет алу алу үшін несие рәсімдеуге мәжбүр. Бүгін бюджеттен жағдайы нашар азаматтар үшін 12,4 млрд теңге болатын 9 мың грант қана бөлінген. Енді осы 1 млн адамға 9 мың грантпен кімнің жамауын жамаймыз? Бұқара халықтың жаппай кедейленуі – өте қауіпті. Бұл тенденция қазір жалғасып жатыр, - деді депутат.

Ерлан Сайыровтың пікірінше, кедейшіліктен зардап шеккендерге бюджетте арзандатылған микронесиелер желісін ұйымдастыру қажет.

«Бизнес дағды қалыптастырып, бұл азаматтарды экономикалық айналымға қосу өте маңызды. Міне, осы мәселе бюджетте қарастырылмаған», - деді ол. 

Осыған байланысты депутат премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сұрақ қойды. 

Үкімет жанынан кедейшілікке қарсы ұлттық іс-қимыл комиссиясын құрып, бюджеттің халықты жаппай кедейлік проблемасын шешуге бұру керек. Бұл мәселе Тамара Қасымқызына айтылған. Бірақ шешім әлі жоқ. Комиссия қашан құрылады? Кедейлердің мүддесін қашан қорғаймыз? Әлде істің насырға шапқанын күтеміз бе? - деді Ерлан Сайыров. 

Вице-премьер өткір мәселеге назар аударылғанын жеткізді. 

«Үкімет жанынан халықтың табысын арттыру бойынша жобалық кеңсе құрылды. Оның құрамына ҰЭМ, АШМ, депутаттар мен мемлекеттік орган мүшелері кірді. Осы орталық офис негізінде 2 228 ауылдың жағдайын қарап шықтық. Кедейлік деңгейі мен жұмыспен қамту сараланды. Қазір сол материалдар келіп түсті. Орталық офис оны нақтылап жатыр. Айдың соңына қарай өздеріңіз бен мәслихат депутаттарының қатысуымен мәселені талқылаймыз», - деді Тамара Дүйсенова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама