×

46 кеншінің қазасы: депутат ірі кәсіпорындарды тексеруге салынған мораторийды алып тастауды ұсынды

Костенко шахтасындағы апаттан кейін жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды

 Дәурен Ерболат 01.11.2023 | 15:54
фото: voxpopuli.kz

Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысы бір минут үнсіздікпен басталды. Депутаттар Қарағанды облысындағы апаттан соң ірі кәсіпорындарды тексеруге салынған мораторийды алып тастауды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат Арман Қалықов Костенко шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Шахтадағы қайғылы оқиға бүкіл Қазақстан халқын дүр сілкіндірді. Біз Мәжілістің атынан әрбір отбасына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Бұл жағдай «Казахстанская» шахтасындағы апаттан 2 айдан соң болды. Мұндай жазатайым оқиғалар өз қызметкерлеріне жауапсыздықпен қарау салдарынан болғаны айқын. Олар қазақстандық кеншілердің маңдай тер мен адал еңбегінің арқасында ақша тапты. Алайда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бәрінен үнемдеді, - деді ол.

Оның айтуынша, соңғы 4 жыл аталған компания жылына 200 млрд теңгеден аса пайда тапқан. Оның басым бөлігін шетелге шығарған.

«Жасалған ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеді. Салдарынан биыл 2 апат тіркелді. Компания Қазақстанда жұмыс істегеннен бері жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айрылып, мүгедек болып қалды. Қазір Президент «Арселормиттал Теміртау» АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы дұрыс шешім қабылдады», - деді Арман Қалықов.

Депутаттың пікірінше, қазақстандықтар компания жұмысын тоқтатады деп қорықпауы керек. Себебі, оның орнына келетін басқа кәсіпорындар бар.

«Біз адамдардың қандай күй кешіп жатқанын білеміз. Өкінішке қарай, шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90 жылдардағы болған қорқыныш әлі бар. Мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырға шақырғым келеді.

Бізде осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын, әлеуметтік жауаптылығы бар кәсіпкерлер саны жеткілікті дәрежеде өсті. Осы трагедиядан кейін басқаша болуы мүмкін емес. Біз осы кәсіпорынды өз бетінше дамыту үшін өзіміздің кәсіби кадрларымыз жеткілікті деп санаймыз.

Қарағанды көмір бассейні мен болат балқыту комбинатының стратегиялық объектілер екенін түсінеміз. Он мыңдаған адамның тағдыры сол жұмыс орындармен байланысты. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Рудный қалаларын ешкім тастап кетпейді», - деді ол.

Арман Қалықов алдағы уақытта әрбір жұмысшының өнеркәсіптік қауіпсіздігі мен еңбегін қорғауға ерекше назар аударылатынын жеткізді.

Бұл қарапайым жұмысшылардың жағдайын жақсарту керек. Олар шахтаға соңғы рет барамыз деп түспеуі керек. Кеншілер мен олардың отбасры ертеңгі күнге сеніммен қарауы шарт, - деді депутат.

Депутаттар әрбір жұмысшының еңбегін қорғау жөніндегі заңға маңызды түзетулер әзірлеп, Үкіметке жіберген.

«Заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы және еңбек инспекциясы тұрғысынан мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады. Қазақстандықтардың қауіпсіздігі, олардың еңбек құқығын қорғау артта қалып отыр. Бүгінде елімізде өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі 260 мемлекеттік инспектор ғана бар. Бұл жеткіліксіз екені анық.

Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек. Сондай-ақ елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге қойылған мораторий алынатын уақыт келді. Біз қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін барлық адам үшін зейнетке шығу жасын төмендету бойынша жұмысты жалғастырамыз.

Президент жолдауында осы мәселені шешудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ кәсіби аурулар және еңбек гигиенасы институтына ерекше мәртебе беру – бұл жеке мәселе», - деді Арман Қалықов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама