×

«Күніне 40-қа дейін өтініш түседі». Дина Таңсәрі Қазақстандағы зорлық-зомбылық пен полицияның әрекеті туралы

Үстінен қылмыстық іс қозғалған қоғам белсендісі біраз уақыттан бері Грузияда тұрып жатыр

 Айнұр Шошаева 18.05.2022 | 09:34
Дина Смаилова, фото: voxpopuli.kz

Қазақстанда зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін құқық қорғаушы ұйымдар полицияның тарапынан қудалаудан қорғалмаған. НеМолчи қоғамдық қорының негізін қалаушы Дина Смаилова полицияның тарапынан негізсіз қудалауға ұшырағанын айтып шағымданды.

Айта кетейік, қоғам белсендісі әлеуметтік желідегі парақшасында Қызылорда облыстық полиция департаментінің өзіне қарсы қылмыстық іс қозғағаны туралы жазды. Айтуынша, қылмыстық іске осыдан 2-3 апта бұрын Дина Смаилованың мессенждеріне келген хатты жариялауы негіз болған.

«Қызылорда облысының бір ауылында кішкентай қызға жасалған зорлық фактісі туралы хат келді. Мен оны жариялап, ІІМ-нен фактіні растауын, болмаса жоққа шығаруын сұрадым. Полиция ақпаратты растап, пресс-релиз жариялады. Сол материал үшін менің үстімнен іс қозғалып отыр. Бір қызығы, қылмыстық іске арызды зардап шеккен тұлғалар бермеген. Прокуратура бұл істі жеке мәліметтерді жариялағаным үшін қозғап отыр. Біз ол жазбада жеке мәліметтерді жариялаған жоқпын. Екімнің аты-жөні аталмаған. Яғни, іс арыз бойынша емес, болған факті бойынша қозғалды. Мен онымен келіспеймін», дейді құқық қорғаушы.

Бұған дейін қор басшысы Алматы полиция департаменті бірнеше істі жауып тастағанын жазды. Оның айтуынша, департамент ұйымның жазбалары мен көтерген проблемасын әдейі елемейді.

«Біздің жазбаларымызды тек Алматы полиция департаменті ғана елемейді. Ол департаменттің біздің ұйымға деген өшпенділігімен байланысты. Олар мен жазған нәрсенің бәрін расталмаған ақпарат деп қабылдайды. Жақында ғана департамент басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов қателеспесем 6 рет: «НеМолчи қорының жазғандары расталмаған ақпарат» деп мәлімдеді. Олар ақпаратты тексеріп, тергейтін түрі жоқ. Яғни, жауапкершілікті маған артып отыр. «Алдымен ақпаратты растаңыз, сосы барып жариялаңыз» дейді. Біз бар болғаны қоңырау қабылдайтын жедел желіміз. Ондай істерді тергеп, тексеруге бізде еш құзырет жоқ», деп қосты ол.

Динаның айтуынша, полиция органдарымен келіспеушілік департаменттің 11 іс бойынша өндірісті тоқтатып тастауынан басталған. Ол туралы белсенді әлеуметтік желіде де жазған болатын.

Біз құқық қорғаушы ретінде полиция тарапынан қудалаудан қорғалмағанбыз. Кеше ғана Адам құқығы жөніндегі уәкіл Элмира Әзимовамен және басқа да әріптестерімізбен сөйлестік. Омбудсмен құқық қорғаушылардың қорғалмағанымен келісіп отыр. Қазір оларды қорғау туралы мәселе көтеріліп жатыр. Шынымды айтайын, біздің мемлекетте қолдайды дегенге күмәнім бар. Өйткені, тек бізді емес, жедел желімізге көмек сұрап жүгінген адамдарды қудалайды. Жақында ғана Жітіқарада зорлық-зомбылық туралы ақпарат бергені адамды 20 тәулікке қамап тастады. Сот ол адамның ақпаратты БАҚ-қа емес, дағдарыс орталығының жедел желісіне бергеніне назар аударған жоқ, дейді Смаилова.

Қоғам белсендісі Қазақстанда жәбір көргендермен жұмыс істейтін дағдарыс орталықтары мен ұйымдарға белгілі бір статус беру керек деп есептейді.

«Қарап тұрсақ, «102» қызметін орындап отырмыз. Алайда қандай да бір ақпаратты жарияламасын деп, бізге оны бермей отыр. Олар қазір үнсіз отыратын кез еместігін түсінбейді. Әлеуметтік желілер бар, мен болмасам да, зардап шеккендердің өздері жазады. Тіпті, балалардың өздері хабарлайтын болды. Жұмыс істегісі келмейді, олардың немқұрайлылығын әшкере етіп, тергеу органдарының қателіктерін қоғам талқысына саламыз», - деп толықтырды ол.

Қоғам белсендісі полицияның әрекетін НеМолчи ұйыма жасаған қысым деп есептейді. Айлайда, бір салада жұмыс істеп жатқан әріптестерінің әрекетіне наразы.

«Бізді осы алаңнан қуып шығу үшін қасақана істеліп отыр деп есептеймін. Себебі, НеМолчи - құқық қорғау органдарының жұмысын күн сайын сынайтын Қазақстандағы жалғыз ұйым. Қазақстанда зорлық-зомбылық құрбандарын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар көп. Алайда олар көбіне зорлық туралы жазғанымен, шын мәнінде полицияның немқұрайлығы екенін айтпайды. Полицияның қаһарына ұшырағысы келмейді. Құқық қорғаушылардың әрекетіне таңғаламын. Бізбен бір сапқа тұрып, сол сөзді растай алмайды. Көбі билікке қарсы сөз айтып, тіл тигізбеуге тырысады. Білесіз бе, дағдарыс орталықтары үшін аз ақша бөлініп отырған жоқ», деп қосты құқық қорғаушы.

Дина Смаилованың пікірінше, Қазақстанға дағдарыс қызметі жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар мен полицияның өзара әрекеті туралы заң қабылдау керек.

«Біз әдейі ешкімді іздемейміз. Тек жедел желіні іске қостық. Полицияға жәбір көргендерге қатысты нұсқаулық әзірлеуді айттық. Халық не істеу керегін білмейді. Мәселен, уақыт жоғалпай істелуге тиіс сараптама бар, хаттама толтыру керек. Күн сайын 10-нан 40-қа дейін өтініш түседі. Оған қатысты ресми органдар әрекет етуі керек, тиісті жұмысты көрмеген соң наразылық танытамыз. Егер өзара әрекет болса, басқаша болар еді», - деп толықтырды сөзін.

Қоғам белсендісі біраз уақыттан бері Грузияда тұрып жатыр. Дина Смаилова оны Қазақстандағы қылмыстық қудалаумен байланысты екенін айтты.

«Қылмыстық іс қозғап, сотқа сүйрейді. Сондықтан мен Quality know халықаралық ұйымына жүгіндім. Олар алдымен Тәңірберген Бердоңғаровтың «Тальго ісі» бойынша жәбірленушіні аңдып, кейін маған қылмыстық іс қозғауға арыз бергенін біледі. Қазір мен тағы да Қазақстанда құқық қорғаушыларды қудалауды тоқтатуды талап етіп, оларға хат жазғалы отырмын. Сөз бостандығы мен ой еркіндігі атымен жоқ. Грант қаржының есебін сұрағаным үшін Байсакова (Зульфия) мені «ар-намысыма кір келтірді» деп сотқа берді. Ол адам жыл сайын миллиард теңге грант қаржысын алады. Еуроодақ 300 мың еуро қаржы бөлген 20 қоғамдық қабылдау қайда екенін сұрағанымыз үшін. Қайда? Бірде қоғамдық қабылдау жоқ», - дейді Смаилова.

Айта кетейік, Дина Смаиловаға қатысты Қазақстанда бірнеше рет қылмыстық іс қозғалып, сот процесі жүрген. Арыз бергендердің қатарында балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да бар.

«Біз ресми тіркелген қоғамдық қормыз. Біз тек жәбірленушінің өтініші негізінде жұмыс істейміз. Қоғамдық бірлестік емеспіз, заң аясында жұмыс істейміз. Құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетеміз. Жұмысымыз заңмен реттелген. Қылмыстық істердің бәрінде мені мыңдаған оқырманы бар блогер деп жазады», - деп қорытындылады сөзін құқық қорғаушы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама