Halyq Uni логотип
×

«Төртінші кедергі - қорқақтық». Бейсен Құранбексіз өткен екі жыл

Белгілі журналист Бейсен Құранбектің қайтқанына екі жыл толды

 Халық үні 18.05.2022 | 00:02
«Төртінші кедергі - қорқақтық». Бейсен Құранбексіз өткен екі жыл
Бейсен Құранбек, фото: atr.kz

2020 жылдың 18 мамырында белгілі журналист, тележүргізуші Бейсен Құранбек өмірден озды.

Бейсен Құранбек 1971 жылы 9 желтоқсанда Кербұлақ ауданы (Алматы облысы) Қызылжар ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерінен бастаған. Қалған жылдарын қазақ телевизиясымен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар», Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған.

2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап «Қарекет» бағдарламасын жүргізді. 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.

Журналист үнемі оқыған-тоқығанын жастарға айтып, ақыл-кеңесін беріп жүрді. Сондай бір мағыналы кездесулердің бірі 2016 жылы Атырау қаласында өткен іс-шара. Онда Бейсен Құранбек жақсы мамандық таңдау, жұмыста табысты болу, қызметтік этика, ұстанымы жайлы бөлісті.

Марқұмның туған күніне орай оның өмірде ұстанған қағидаларымен бөлісуді жөн санадық.  

- Егер жақсы жұмысқа орналасамын десеңіз, ең бірінші мамандығыңызды жақсылап меңгеріп алыңыз. Он жылдан соң өз ісіңізді бастасаңыз, мархаббат. Мәселен, журналист болсаң, болашақ журналистерді даярлау орталығын аш. Ағылшын тілін меңгерсеңіз де дәл солай. Бірақ, бір ескерту: бірден үлкен орталықтан бастамаңыз. Әуелі көршінің балаларын түгел жинап алыңыз. Әрі кетсе, он немесе жиырма бала. Бір ай тегін оқытыңыз. Болды. Әрі қарай адамдар сізді өздері іздей бастайды. Бәрімізге ортақ қателік - біз қанша жерден білімді, мықты маман болсақ та, бірден табысқа жеткіміз келіп тұрады. Сіз өз-өзіңізді көрсете алмайынша, ешқашан табысты бола алмайсыз. Мықты дизайнер болғыңыз келе ме? Онда өзің іздеп жүріп, белгілі бір компанияларға арнайы афиша жасап бер. Бастапқыда тегін жаса, кейін олар өздері сізден айырылмай қояды. Сонда ғана өз кәсібіңнің рахатын көресің.

Мәселен, қазір «Айтуға оңайға» мықты редакторлар мен режиссерлер қажет. Маған бағдарламаңызды жақсылап жасап берсеңіз, мен сізден ешқашан айырылмаймын. Сол еңбегі үшін жалақыны артығымен төлейтін боламын. Әрі елдің бәрі «Бейсенде керемет мықты жігіт бар екен» деп, аузынан тастамай айтып жүретін болады.

«МЕНІ БОҚТАП ЖІБЕРУІҢІЗГЕ ДЕ БОЛАДЫ...»

- Табысқа жетудің тағы бір жолы – адамдармен тіл табыса білу. Ол жағымпаздық емес. Мәселен, мен адамның бәрін бауыр көріп, жақын тарттым. Талдықорған қаласында «Жетісу» деген телеарна бар. Сол телеарнада 5 жыл директор болдым. 5 жылдан кейін өз еркіммен ол жерден кеткен кезде, мені сондағы еден жуатын қызметкерге дейін жібергісі келмеді. Араға екі жыл салып, сол қызметіме қайтып келдім. Кете алмайтынымды түсіндім. Қазір сол телеарнаны дамыту үшін біраз жұмыс атқарып жатырмыз. Сенесіздер ме, мен кейде жұмысқа қандай қызметкер алынып жатқанын да білмеймін. Олардың жұмысқа нешеде келіп, нешеде кетіп жүргені де маңызды емес. Маған тек бір ғана нәрсе керек. Әркім жұмысына жауап берсе болды. Мәселен, сіз жаңалыққа жауаптысыз ба? Ендеше, сіз маған жұмыс нәтижеңізді тиянақты етіп әкеліп беріңіз. Болды, мен сізді ары қарай мазаламаймын. Тіпті, сіздің менімен бірге барып қыдыруыңызға, менімен бірге футбол ойнауыңызға, тіпті маған «допты неге жөнді теппейсің» деп боқтап жіберуіңізге болады. Ол үшін мен сізге түк те ренжімеймін.

«ЫСЫРАПҚА ЖОЛ БЕРМЕУ КЕРЕК»

- Қазір көп адамның проблемасы ақшаға келіп тіреледі. Ал, шын мәнінде ақша табу - дүниедегі ең оңай шаруа. Егер сіз сүйікті ісіңізбен айналыссаңыз, ақша өздігінен келе береді. Үйден манты түйіп сатыңыз, ол да ақша. Тек ерінбеу керек. Жалқаулықты тастап, қабілетіңізді іске асырсаңыз ғана, ақша табудың жолы ашыла бастайды.

Бәлкім, ақшаны құрметтеу керек шығар. Бірақ жақсы көрмеу керек. Тағы бір нәрсе - ысырапшылдыққа құмар болмау керек. Мәселен, қазір бірнеше машина ала алатын жағдайым бар. Бірақ көлігім жоқ десем, сенесіздер ме? Шынымен, көлігім жоқ. Джип мініп те көрмеппін. Алайда, мен джип мінетін ақшама қарапайым бір-екі көлік сатып алып, жүргізуші жалдаймын. Өйткені, ысырапшылдыққа жол бермей, бір-екі отбасын болса да жұмыспен қамтамасыз еткім келді. Былтыр жұмысқа жақын жерден үй алғым келіп, Алматыдан үй қарадым. Айналамдағы адамдардың көбі бір қабатты үйде тұрады екен. Сол жерден қос қабатты үй алуыма болар еді. Бірақ көршілерімнен биік тұрғым келмеді. Олардың төбесінен қарап тұрсам, ол тәкаппарлық болар еді.

ЖҰМЫСТАҒЫ «ЖЕТІ АТАСЫ» ЖАЙЛЫ

- Менің жұмыста 7 атам бар. Олар кім дейсіз ғой?

Бірінші атам - Бауыржан Момышұлы. Баукең ұнамаса да, шындықты айтып кетті. Ал, біз олай ете алмаймыз. Өйткені, өзімізді жақсы көрсеткіміз келеді. Бауыржан ештеңе ойламады. Тек шындықты ғана қолдады. Сол үшін де халық Бауыржанды батыр санады.

Мен жұмыста тек шындықты айтуды талап етемін. Шындықты айтпасақ, жұмыс ешқашан алға баспайды. Мәселен, бір қызметкеріме тапсырма беремін. Ол қызметкерім маған «орындадым» дейді. Шын мәнінде, ол орындамаған. Не болады? Әрине, ұят болады. Әсіресе телевизия саласында өтірік айтуға мүлде болмайды. Өйткені, сен бір адамды емес, тұтас бір халықты алдағанмен тең боласың. Көрермен мұны ешқашан кешірмейді. Біз Бауыржанның екі қасиетін аламыз. Екінші қасиеті - батылдық. Мейлі, батыр болмай-ақ қой. Соғыс ешқашан болмасын. Бірақ, батыл бол. Жұмысты істесең қорықпа, қорықсаң – істеме!

Екінші атам – Дінмұхаммед Қонаев. Қонаев бірнеше жыл ел басқарса да, ол адамгершілік қасиеті мен кішіпейілділігін биік ұстады. Тіпті, ол кабинетінде отырса да, есіктен жас бала кіріп келсе, орынынан тұрып, өзі барып сәлем береді екен. Өмірінде араласқан адамдардың атын ұмытпай, қолынан келсе көмектесіп жіберетін көрінеді.

Осыған байланысты жұмыста әріптестеріме бізге келген әрбір кейіпкердің тағдыры біз үшін өте маңызды болуы керек деп айтып отырамын. Қолымыздан келсе, біз де көмектесіп жіберуіміз керек. Жақында ғана «Ардагерлер» туралы хабар түсірген едік. Бір ата мен апамыз келді. Бірақ, атамыз қатты ашуланып, айғайлап жатыр екен. Жастар да қызба ғой, біздікілер де «Қайтсаңыз, қайта беріңіз» деп ренжіп жатыр екен. Дереу жанына жетіп барып, «Ата, бекер келмедіңіз ғой. Келіңіз, түсіп кетіңізші осы бағдарламаға» деп жалынып, ақыры көндірдік. Қасында 70-ке келген апамыз да бар екен. Екеуін студияға алып келіп, бағдарлама жасадық. Сол бағдарлама арқылы ардагер атамыздың өнертапқыш, ал апамыз химиядан 100-ге жуық олимпиада жеңімпазын тәрбиелеген ұстаз екенін білдік. Ақыр соңында апамыз да, атамыз да риза болып, алғысын айтып кетті. Егер біз білместікпен қателік жіберіп, ол кісілер қайтып кетсе, көңілінде үлкен дақ қалар еді.

Үшінші атам - Томас Эдисон. Томас Эдисон – шамды ойлап тапқан ғалым. Ол жарықты ойлап таппас бұрын, халықты жинап алып, мен бүкіл ғимарат мен көшелерді жарық қыламын деп уәде беріпті. Кейін бірнеше жыл өткеннен кейін оны бір адам көріп қалып, «Әлгі шаруаңыз не болды? Жасаймын деп уәде берген едіңіз, жасай алмадыңыз ғой» деп мұрнын шүйіре сұраған екен. Томас: «Оң мың рет тәжірибе жасадым, он мың рет сәтсіздікке ұшырадым. Бірақ әлі жалғастырамын» деген екен. Сонда әлгі адам «Қоя салсаңызшы, бәрібір түк шықпайды ғой» десе, «Жоқ, қателесесің. Мен он мың рет қалай жасамау керек екенін білдім. Енді жақын қалдым» деген екен. Расымен де, жарты ай өткеннен кейін Томас жарықты ойлап тапты. Эдисонның бір сөзі бар: «Жұмысқа жаныңды сал немесе табандылықпен істе» деді. Кейде жұмыстан сәл проблема шығып қалса, «Мен жарықты ойлап тапқан кезде бірнеше мәселені шеше білдім. Сен осыншама ұсақ мәселенің шешімін таба алмайсың ба?» дейтін көрінеді. Сонда өз-өзімнен ұялып кетемін.

Төртінші атам - Уолт Дисней. Егер мен бір бағдарламадағы кейіпкерлерді қайта-қайта шығара берсем, ел-жұрт мені көрмей қояр еді. Уолт Дисней: «Кешегідей жасама. Жаңаша бір нәрсе ойлап тап» дейді. Шығармашылық пен жаңашылдық болмаса, хабарыңды ешкім көрмейді.

Бесінші атам - Имманиул Кант. Кант дәл уақытымен жүретін адам болған. Ол таңертең үйінен шыққан кезде, көршілері сағаттың сегіз болғанын, үйіне келерде кешкі сегіз болғанын біліп отырады екен. Біздің жұмыста 5 секунд уақыттың өзі маңызды. Мүмкін басқа жұмыста ол маңызды болмауы мүмкін. Бірақ журналистикада уақытты бағалай білу керек.

Алтыншы атам - Уильям Френд. Уильям Френд «Ең басты мәселеңді бітірмей, басқа мәселеге басыңды ауыртпа» дейді. Себебі, ұсақ-түйек мәселелер бәрібір шешімін табады. Соған орай, мен де ақ қағазға айдың басты мәселелерін, аптаның басты мәселелерін тізіп жазып қоямын. Оларды орындамай, басқа нәрсеге басымды қатырмаймын.

Жетінші атам - Роман Гарсия. XIX ғасырдың аяғында Испания мен Америка соғысып жатады. Президент Маккенли Роман атты офицеріне Кубадағы революционерге маңызды хат апаруды тапсырады. Роман: «Ол жақта соғыс болып жатыр ғой. Қалай апарамын?» деп бас қатырмайды. Он күн дегенде барып, әлгі хатты тапсырып, аман-есен елге қайтады.

Бізге осындай журналистер қажет. Бұл жағынан, мен өз қызметкерлеріме ризамын. Себебі, мен оларға қазір «Президенттің нөмерін тауып беріңдер» десем, олар маған 5 минуттан кейін тауып әкеліп береді. Сонымен қоса, олар «Қалай аламын, қайдан аламын» деп бас қатырмайды. Мен оған сенемін. Тек əріптестеріме емес, сіздерге де осы секілді ғалымдардың жолымен жүруге кеңес беремін. Мінекей, менің жұмыстағы жеті атам осылар. Жетеуінің де портретін жұмысқа ілдіртіп қойғанмын. Егер мен сəл ғана қате қадам бассам, олар маған қабағын түйіп қарап тұратын сияқты.

«ТӨРТ КЕДЕРГІДЕН АРЫЛУЫМЫЗ ҚАЖЕТ»

Ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп адамның ақыл-ойын билеп алған 3 кедергі түрін көрсетіп кеткен екен. Төртінші кедергіні өзім қостым. Ендеше, бірінші кедергіге көштік.

Бірінші кедергі - адамның желкесінде тұрады. Оны кертартпалық дейді. Мәселен, Мұратбек бір кездері отырып: «Осы мен жалқаулықты қойып, одан да барып ағылшын тілін үйреніп алсам қалай болады» деп ойлайды. Бірақ желкесі: «Мұратбек, қайтесің. Ағылшын оқымай-ақ та адамдар нан тауып жүр ғой. Кейінірек оқи жатарсың» деп ұстап қалады. Сол адамның желкесінен қырық адам ұстап отырады екен дейді Мәшһүр Жүсіп. Содан кейін әрине, түк істей алмай қаласың.

Екінші кедергі - жалқаулық. Ол құйрықта болады екен. Мәселен, қолыңа телефонды ал да, әлеуметтік желіде отырып көрші. Орныңнан тұрғызбай қояды, солай ма? Жұмысың көп екенін білесің. Бірақ телефоннан шыға алмай қаласың.

Үшінші кедергі - ұйқышылдық. Бұл дегеніміз күніне 8-9 сағат ұйықтау емес. Кейбір адамдар болады, үнемі бір нәрсені ойлап, уайымдап жүреді. Бір нәрсе жасауым керек еді деп, құр қиялмен бір шетте ұйықтап жүреді. Кейін ондай жандардың ұйқыдан оянуы қиын болады.

Төртінші кедергі - қорқақтық. Бәлкім, араларыңызда кертартпалықтан ада, жалқау емес, ұйықтап та жүрмейтін адамдар бар шығар. Бірақ, бір нәрсе бастарда қорқақтығы ұстап қалуы мүмкін. Ол да бірінші кедергі сияқты жібермей қояды. Сондыктан,бұл кедергінің бәрінен құтылу үшін адам өз-өзіне белгілі бір дәрежеде шектеу қойып отыруы керек. Компьютерге отырасың ба? 30 минут отыр да, ары қарай өз жұмысыңды жалғастыр. Алдыңа мақсат қой да, жоспар құр. Сол жоспармен әрекет ет. Мәселен, мен қағазға жоспарымды жазып, сол жоспармен жүремін. Ол жоспарымды орындамайынша, мен басқа нәрсеге көңіл бөле алмаймын. Сондықтан, сіздерге айтарым, адам жаны мен жүрегінің қожайыны болады. Бірақ, тәнің мен ерік-жігеріңе қожайын - Өзің. Осы төрт кедергіден арылмайынша, сіз ешқашан алға жылжи алмайсыз!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама