Иран мен АҚШ бір-біріне сес көрсетті
Мен аятолла Хаменейге ескерттім, - деді Байден
Израиль мен Палестинаның Газа секторы аумағындағы ХАМАС ұйымының арасындағы соғыс кезінде Иран Ислам Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының билік өкілдері бір-біріне сес көрсетіп, мәлімдеме жасады.
Бұл мемлекеттер 1979 жылы Иранда төңкеріс басталған кезден бері дипломатиялық қарым-қатынасты үзіп, біржолата барлық саладағы байланысты тоқтатқан. Сол кезден бері АҚШ Парсы шығанағы еліне экономикалық санкция салып келеді. Сол себепті қазір екі ел соғыс жағдайында тұр. Бұл жағдай Израиль мен Палестинаның Газа секторы аумағындағы ХАМАС ұйымының арасында соғыс кезінде тіпті ушығып барады.
Кеше АҚШ президенті Джо Байден Иран мемлекетіне қатысты мәлімдеме жасады.
Егер Иран Таяу Шығыстағы соғысқа араласып, АҚШ сарбазы зардап шегетін болса, біз де аянып қалмаймыз. АҚШ-тың жауабы өте ауыр болады! Мен мұны аятолла Хаменейге ескерттім. Дайын болсын! АҚШ әскери контингенті Израиль-Палестина қақтығысына бола Таяу Шығысқа барған жоқ. Олар экстремизимге қарсы тойтарыс беру үшін барды, – деді ол.
Өз кезегінде Иран да қарап қалмады. Парсы елінің Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир-Абдоллахиян ресми билік атынан БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінде тұрып, Құрама Штаттар басшысына жауап берді.
АҚШ Израильдің Палестина халқына геноцидін қолдап келеді. Біз АҚШ саясаткерлеріне аймақтағы соғысты қолдамайтынымызды, бірақ Газадағы геноцид жалғасатын болса, соғыс отының жалыны оларды да жалмайтынын ескертеміз! – деді ол.
Таяу Шығыстағы соғыс ушығып жатқанда Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Али Багери Кянидің Мәскеуге барғаны белгілі болды. Сонымен бірге ХАМАС саяси бюросының өкілі, ХАМАС жоғарғы саяси басшылығының бірі Мұса Әбу Мазрук те Мәскеуге барды деген дерек бар. Демек, бұл – ХАМАС басшылығы әлі Ресейдің саяси және әскери қолдауына үміттеніп отыр деген сөз.
Ресей болса, Таяу Шығыстағы соғысты тоқтату үшін Палестинаға тәуелсіздік берілу керек деп мәлімдеме жасаған.