«Мәскеу кері шегініп жатқанда...»: сарапшылар ҰҚШҰ саммитінде Тоқаевтың табандылығын аңғарған

Еркеғали Болатұлы

Бұл ұйымда Қазақстанның салмағы басымдау

фото: ашық дереккөз

Әскери ұйымның мерейтойлық саммиті Мәскеуде өтті. Қан-қасап соғыс аясында жиын мерейтойлық реңктен мүлдем ада болды. Сарапшылар саммитте Тоқаев пен Путиннің жасаған тосын мәлімдемелерін талдауда.

Inbusiness.kz сайтының жазуынша, сарапшылар саммиттің іш пыстырарлық болғанына, биік мәртебелі меймандардың қатты зеріккеніне назар аударыпты. Мысалы, Ресей федералдық телеарналары көрсеткен сюжеттерде «шаңырақ» иесі В.Путин жиналғандарға «Украинадағы неонацизм» туралы айтып жатқанда А.Лукашенко мен Н.Пашинян алғаш көргендей, Кремль залының төбесіне тесіле қарап, зерделепті. Ал Эмомали Рахмон аузын алақанымен көлегейлеп, ақырын есінеп алған.

Ал қазақстандық саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұловтың байламынша, «Кремль НАТО-ның кеңеюіне көніп, мойынсұнған». Өйткені дәл осы саммит қарсаңында, 14 мамырда Финляндия Президенті Саули Ниинистёнің өзі Путинге қоңырау шалып, өз елінің НАТО-ға кіруге өтінім беретінін хабарлады.

«Осыдан кейін саммитте Ресей басшысы қаһарына мініп, Альянска соғыс жарияламағанымен, қатаң мәлімдеме жасайды деп күтілген еді. Оның орнына Владимир Путин НАТО-ға тағы екі елдің мүше болуына қатысты ешқандай проблема жоқтығын айтты. Қарапайым тілге салсақ, «базар жоқ!» деді.

Меніңше, өңірлік держава басшысы НАТО-мен айқасуға күш-қауқары қалмағанын аңғартып алған сияқты. Әйтпесе, Украинаға да НАТО-ның кеңеймеуі, бері жылжымауы үшін деген сылтаумен басып кірді емес пе?

Ал енді Альянс Финляндия мен Швецияны құшағына алса, НАТО-ның Ресеймен шектесетін тікелей шекарасы 1,2 мың шақырымға ұлғаяды. Нәтижесінде НАТО Путиннің туған жері Петерборға 200 шақырымдай ғана қашықтықта төніп тұрмақ. Ресейлік әріптестеріміз зымыран үшін бұл бірер минутта еңсерілетін қашықтық дейді. Демек, қауіп төнбейді дегені шындықтан алыс жатыр», – деген пікірде саясаттанушы.

Сондай-ақ ресейлік саяси қайраткер, заңгер, МемДуманың бұрынғы депутаты Марк Фейгиннің пайымдауынша, ҰҚШҰ елдерінің Украинадағы «арнайы операцияға» тікелей қатыспайтыны белгілі болып отыр.

Бұл мәселе енді күн тәртібінен түпкілікті алып тасталды. Бұл ұйымда Қазақстанның салмағы басымдау. Өйткені Орталық Азия елдері соған қарап бой түзейді деп есептеледі. Ал Қ.Тоқаев Қазақстанның өз әскерін жібермейтінін соғыс басталған алғашқы кезеңде-ақ мәлімдеді. Егер қазір сол ұстанымында табандай алмаса, оның бұл тірлігін ұлттық рухы көтеріліп келе жатқан қазақ қоғамы түсінбес еді.

Қазақстан соғыс жүріп жатқан 3 айдай мерзім ішінде Кремльдің басқыншы саясатын қолдайтындай ештеңе жасамады. Енді Мәскеу жеңіліп, шекарасына қарай кері шегініп жатқанда соғысқа араласуы әбестік болатын еді. Қ.Тоқаев тәжірибелі саясаткер, мұндай бетбұрыс еш пайда, саяси дивиденд әкелмейтінін, керісінше, ел алапат санкциялар астында қалатынын жақсы біледі», – дейді ресейлік сарапшы.

Қазір Қазақстан төл Қарулы күштерін ҰҚШҰ аясында емес, Түркиямен әскери ынтымақтастық арқылы күшейтуге мықтап ден қоюда.

«Мәскеудегі дереккөздерімнің айтуынша, саммитте Кремль одақтастарынан қару-жарақ және әскери техника өндірісіне көмектесуді сұрағанға ұқсайды. Өйткені қатаң санкциялар мен шектеулер салмағымен езілген Ресейге жоғары дәлдікті зымырандар жасау үшін микрочиптер, әскери техника мен атыс құралдарына бөлшектер, оптика, тепловизорлар және басқасы қажет. Тіпті бұзылған ұшақтар мен сауытты техниканы жөндеуге де жабдықтар тапшы. Мәскеу оның бәрін одақтастары арқылы алуға тырысып көруі мүмкін. Бірақ ҰҚШҰ-ның санкциядан азат 4 елі мұның ақыры неге соқтыратынын білгендіктен, ондай көмектен аяқ тартары сөзсіз», – дейді М.Фейгин.