Армения келесі «Украина» болуы мүмкін – БАҚ
Пашинян Еуропарламентте сөйлеген сөзінде ресейлік бітімгерлердің әрекетсіздігін сынаған болатын
Ресейдің ақпарат құралдарында Армения Республикасымен қарым-қатынас нашарлай берсе, Кавказ елінің келесі «Украина» болуы мүмкін екені айтылып жатыр.
Lenta.ru порталының хабарлауынша, бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинянның Еуропарламентте сөйлеген сөзіне ашуы келген Ресейдің жоғары лауазым иелеренің бірі айтқан. Ол Ресейдің Украинадан кейінгі майдан даласы Молдова болса, одан кейінгісі Армения болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Өзінің атын айтуды жөн көрмеген жоғары лауазым иесінің пікірінше, «Арменияның Үкімет басшысы Украина президенті Владимир Зеленскийдің жолымен жүріп бара жатыр». Ол Пашинянның Еуропарламент мінберінен сөйлеген сөзінен арандатушылықты байқаған. Соған байланысты болашақта Ресей мен Армения қарым-қатынасы бұлыңғыр болып, оның соңы Кавказ елінің келесі «Украина» болуына әкелуі мүмкін.
Енді не болса да бәрі Арменияның өзіне байланысты. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, «№2 Украина» Молдова болса, Армения «№3 Украина» болуы ғажап емес, – деді ол.
Пашинян Еуропарламентте сөйлеген сөзінде Таулы Қарабақты 100 мыңнан аса армянның тастап шыққанын айтып, ресейлік бітімгерлердің әрекетсіздігін сынаған болатын. Ол сонымен бірге одақтастардың әрекетсіздігін де сынады. Айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттер көмектесу былай тұрсын, ашықтан-ашық Армениядағы билікті құлатуға шақырған.
Еске сала кетсек, қазан айының басында Армения Парламенті Рим статутын ратификациялаған болатын. Осылайша, Армения Халықаралық қылмыстық соттың ордері бойынша Путинді тұтқынға алуға міндетті дүниежүзінің 123 әлеуеті қатарына қосылды. Енді Ресей президенті Арменияға бара қалса, құжат бойынша міндетті түрде тұтқындалады.