Дипломатиялық жетістік: Қытайтанушы Әділ Кәукенов президент сапарына пікір білдірді
Алпауыт компаниялар елімізде бірқатар жобаны қолға алмақ
Қытай Қазақстан азаматтары үшін виза күшін жойды. Бұл қазақстандық дипломатияның саяси жетістігі. Белгілі қытайтанушы Әділ Кәукенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған ресми сапарына телеграм-арнасында осындай пікір білдірді. Оның жазуынша, осы сапардағы Қытай компанияларының басшыларымен кездесуі елімізде үлкен жобалар ашуға жақсы мүмкіндік туғызып отыр.
Әділ Кәукеновтің жазуынша, геосаяси жағдайларға қарамастан, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы былтыр 31 млрд долларға жетіп, рекорд орнатты. Қытай кедені осындай дерек берді. Бұл дегеніңіз алдыңғы жылмен салыстырғанда 31% артық. Ал бүкіл Орталық Азия Қытаймен тауар айналымын 41,9 млрд доллардан 70,2 млрд долларға дейін шамамен екі еседей арттырды.
Қытайдың Қазақстан азаматтары үшін виза күшін жою туралы келісімге қол қоюы қазақстандық дипломатияның елеулі саяси жетістігі болды. Өйткені Шығыс Азия елдеріндегі виза мәселесі оңай шешілетін шаруа емес, - дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары «Белдеу және жол» бастамасының мерейтойымен байланысты. Төраға Си Цзиньпинмен кездесуде мемлекет басшысы бұл бағдарламаның 2013 жылы елордада қалай басталғанын еске алған еді. Қазақстан әуелден-ақ осы бағдарламаны бірлесе дамытуға атсалысқан-ды.
Сонымен қатар, осындай бірлескен еңбек Еуропа мен Азияның өзара байланысы үшін маңызды нәтиже беріп отырғанын атап өткен жөн. Дәл осы көлік инфрақұрылымы арқылы осы күнге дейін Қытай мен ЕО арасында Қазақстан аумағынан өтетін контейнерлік тасымалдар 104 еседей артқан, - дейді ол.
Айта кетейік, кездесу барысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытайдың Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан ауқымды реформаларды толық қолдайтынын тағы да атап өтті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы сапарында Қытай астанасында көрнекті қайраткер әрі философ Әбу Насыр әл-Фарабидің бюстін ашып, заманауи зерттеушілердің әл-Фарабиді энциклопедиялық біліміне қарап Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп атағанын айтты. «Оның шығармалары – әлемдік ғылыми ойдың алтын қорына енген қазына. 2020 жылы аталып өткен әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндерінің жаһандық тізіміне енді», деді президент.
Сапар барысында экономикалық ынтымақтастыққа байланысты іскерлік кездесулер де өтетіні белгілі. Президент Тоқаев Sinopec директоры Ма Юншэнмен 7,7 млрд доллар тұратын әлемдік деңгейдегі ауқымды мұнай-газ химиясы жобасын талқылады.
Ал YTO Express Group басшысы Иу Хуйцзяо Мемлекет басшысына оның компаниясы еліміздің бірқатар өңірінде А класындағы жоғары технологиялық мультимодальды орталық салуды негізгі жоба ретінде қарастырып отырғанын айтты. Мұндай инфрақұрылым ЕО, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне шығатын тауарларды жедел өңдеуді қамтамасыз етеді. Интеллектуалды IT-шешімдерді енгізу логистикалық процестерді толық автоматтандыруға және жеткізулерді кедендік сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.