Мешітте қиылған неке заңды ма? - Әділет министрі кеңес берді
Заңды түрде некеге тұрғысы келмейтін адамнан күдіктену керек
Әділет министрі Азамат Есқараев мешітте некесін қидырғысы келетіндерге жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Некеге тұрып жатқан қыздың құқығын мемлекет заң бойынша қорғайды. Егер адам некесін заң бойынша тіркегісі келмесе, мұндай жағдайда қауіп бар, - деді министр.
Азамат Есқараевтың пікірінше, заңды түрде некесін қидырғысы келмей, АХАЖ-ға барудан қашатын адамнан күдіктену қажет.
«Қыздар саналы түрде тұрмысқа шығады. Сондықтан олар бұл адамның неге некесін заңды түрде қидырғысы келмейтінін анықтап алуы керек. Сондықтан адам АХАЖ-ға барғысы, некесін тіркегісі келмесе, демек мұнда мәселе бар», - деді министр.
Оның айтуынша, бірінші заңды некеге тұрып, кейін мешітке баруға болады.
Менің білуімше, ондай талап бар. Мысалы, мешітке неке қиюға барғанда біздің мемлекеттік орган берген (неке қию туралы) куәлігін сұрайды. Негізінен мешіттер осы құжатты талап етуі керек. Заңды неке қиылғаннан кейін мешітке бару қажет, - деді Азамат Есқараев.
Сондай-ақ министр өзінің қалай үйленгенін айтып берді.
«Өзім де үйлендім. Біз солай істедік. Алдымен АХАЖ органдарына барып, неке қидырдық. Содан кейін мешітке бардық. Менің ойымша, бұл дұрыс», - деді ол.