Halyq Uni логотип
×

Өзбекстан президенті көлік сыйлаған қандас қазақтардың басын Науаи қаласында қосуды ұсынды

Мерей Аманбаева – Науаи қаласында кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту саласы бойынша әкім көмекшісі

 Айгерім Таубай 16.10.2023 | 12:33
Өзбекстан президенті көлік сыйлаған қандас қазақтардың басын Науаи қаласында қосуды ұсынды
Фото: Halyq Uni

Өзбекстан президентімен 7 рет кездескен этникалық қазақ Мерей Аманбаева шетелдегі отандастарымыздың басын Науаи қаласында қосуды ұсынды. Бұл туралы ол Астанада өткен «Отандастар» форумында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мерей Аманбаева – Өзбекстанның Науаи қаласында кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту және кедейшілікті азайту бойынша әкім көмекшісі.

«Өзбекстан Республикасының президентімен 7 рет кездестім. Ең маңыздысы – президентке қазақша сөйлегенім. Ол кезде күн электр станциясының ашылуы болып жатқан еді. Әрбір ашылу салтанатында Өзбекстан президенті жергілікті халықпен кездеседі. Сол кезде ішіме сыймай, сөз сөйлеуге мүмкіндік беруін сұрадым. Ешқандай дайындық болмады. Қарсылық та көрсетпеді. Мен көтерген мәселе – халыққа жасалып жатқан жағдай, жастарға берілген мүмкіндіктер. Президенттің өзі қуанып, берілген мүмкіндікті пайдаланып жүргеніміз үшін алғыс айтты. Автокөлік сыйлады. Шавкат Мирзиёев жастардың басын біріктіру бағытындағы жұмысты жалғастырсаң, «Науаи қаласындағы өкілім боласың» деп айтты», - дейді Мерей.

Айтуынша, екі елдің арасында байланыс барлық сала бойынша дамып жатыр. Ал Өзбекстан тарапы қазақ диаспорасының өкілдеріне білім алуға жағдай жасаған.

Екі ел арасында татулық болса, барлық салада байланыс нығая береді. Өзбекстан президентінің қазақтарға деген құрметі жоғары. Себебі қай жерде кездессе де, қазақтар қазақша сөйлесе, ол кісі қуанады. Арасында өзі де қазақша сөйлеуге ұмтылады. Қазақстан мен Өзбекстан арасында экономикалық, әлеуметтік байланыс бар. Шавкат Мирзиёев тарапынан Науаи облысында, шеттегі аймақтарда тұратын қазақ жастары үшін небәрі үлкен медициналық, дипломатиялық университеттерге грант негізіне оқуға мүмкіндік жасалған. Өзбекстанның мемлекеттік басқаруында да қазақтар аз емес. Президенттің кеңесшісі, уәзірлікте, парламентте, әкімшілікте қазақтар жұмыс істеп жатыр, - дейді ол.

Айтуынша, Науаи қаласында 50 мыңға жуық қазақ тұрады.

«Отандастар» форумын тек Қазақстанда ғана емес, қазақ ұлтының өкілдері тұратын басқа елдерде де өткізу қажет. Басқа мемлекеттерде өтсе, ол жақта қазақтың салт-дәстүрі жайлы ой-пікір пайда болады. Науаи облысы Науаи қаласы әкімінің бастамасымен форумды 2024 жылы Өзбекстанда өткізуді ұсынамын. Іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге Науаи қаласының мүмкіндігі жетеді», - дейді Мерей Аманбаева.

Айта кетейік, «Отандастар» форумының мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтті. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама