«Не молчи» қорының жетекшісі Грузияға кіре алмай қалды
Қоғам белсендісі қудалауға ұшырағанын айтты
Белгілі қазақстандық құқық қорғаушы, «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Смайлова Грузияның шекарашылары елге кіргізбей қойғанын мәлімдеді. Ол соңғы екі жылдан бері Тбилиси қаласында тұрып жатқан еді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан анамды көріп, құшақтау мүмкіндігінен айырды. Грузия менен қызым, жиенім мен күйеу баламды тартып алды. Құқық қорғаушылардың үнсіз отырмай, күрескені үшін тағы қандай азаптау бар, - деп жазды құқық қорғаушы.
Осы жазбасына қатысты Дина Смайлованың өзіне жазып, мәселенің мән-жайын сұрадық. Ол соңғы екі жылда Тбилиси қаласында тұрып келген. Айтуынша, еш түсініктеме берместен, оны Грузияға кіргізбей қойған.
«Қордың қорғауындағы бір әйел Аланияда тұрады. Оның денсаулығы нашарлап кетті. Сол үшін жұбайым екеуіміз үш күнге сонда ұшып кеттік. Жолға артық киім алмай, бір рюгзакпен ғана шыққан едік. 27 қыркүйекте Түркиядан қайтып келгенде Тбилиси әуежайында бізді кіргізбей қойды. Не себепті екенін түсіндірген жоқ. Сөйтіп елге кіре алмай қалдық. 2 қазанда Сарпи шекара бекетінен кіруге тырыстық. Онда мені бір сағат кеденде ұстады. Бір сағаттан соң бір адам шығып, ештеңе түсіндірместен қолымнан ұстап ұшаққа отырғызып, қайтадан Түркияға жіберді», - деді ол.
Алайда шекарашылар құқық қорғаушының жұбайы Алмат Мұхамеджанотың Грузияға кіруіне рұқсат берген.
Ол мені жалғыз қалдырмайтынын айтып, бірге кетті. Өйткені менің сырқатым бар, жолдасым жалғыз жібермеді. Қазір қайда барып, не істейтінімізді білмейміз. Түсініксіз, ауыр жағдай. Содан бері 7 қалада болдық. Бір жерге тұрақтауға тырысып жатырмыз. Қайда тұрамыз, әрі қарай не істейміз деген шешім қабылдай алмай отырмыз, - деді Дина Смайлова.
Құқық қорғаушы Грузияға кіргізбеудің бірнеше себебі болуы мүмкін деп есептейді.
«Біз бұны Қазақстанның ІІМ өтініші бойынша істелді деп ойлаймыз. Бұған дейін елден емін-еркін шығып-кіріп жүрген едік. Ешқандай қудалау болған емес. Бұл жағдайды бірнеше себеппен байланыстырамын. Біріншіден, біз Грузияда Орталық Азия өңірінде әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күресу үшін қор құрдық. Ол қор Грузия, Украина, Қазақстан, Өзбекстан және т.б. елдерді, яғни жәбірленушілер қордың көмегіне қай елден өтініш айтса да, көмектеседі. Екіншіден, біздің қызметіміз биліктің қорқынышын тудырды деп ойлаймын. Өйткені қызметіміз халықаралық заңдармен қорғалған. Қазір біз қызметімізді кеңейте бастадық: қордың штатында заңгерлер, психологтар мен журналистер бар. Бұған дейін де қорды жабу үшін түрлі сипаттағы қысым жасалған-ды. Бірақ біз одан қорықпадық, қорды жаппай, керісінше күшейте түстік. Қорға көмек сұрап жүгінген азаматтар көбейіп жатыр. Сол себепті қор қазақ тіліндегі бағытты күшейтіп, әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі парақшаларды ашып жатырмыз. Мұның бәрі биліктің қорқынышын тудырды деп ойлаймын. Сондықтан осылай қудалай бастады», - деді ол.
Айта кетейік, құқық қорғаушыға қатысты Қазақстанда бірқатар қылмыстық іс қозғалған. Дина Смайлова ол істердің бәрін заңсыз қозғалған деп есептейді.
«Маған қарсы қозғаған қылмыстық істердің бәрі заңсыз. Егер халықаралық ұйымдар мен соттар әр іспен танысып, зерттей бастаса, ол істердің заңсыз қозғалғанын, яғни саяси қудалау екенін көретін болады. Біздің қызметімізді саясиландырудың қажеті жоқ, бар болғаны зорлық-зомбылықпен күресеміз. Ешқашан өз қызметіміздің шегінен шыққан емеспіз. Елдегі зорлық-зомбылық көрсеткіші жоғары. Мемлекетті басқарып отырған ер азаматтар оған көз жұмып қарап отыр. ІІМ, прокуратураны алып қараңыз, бәрі жағдайды көре тұра балалар мен әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетіп, ұрып-соғып жатқанына көз жұма қарайды. Оның бәрін жасап жатқан ер азаматтар. Елдегі бірде-бір еркек әйелдер сияқты зорлық көремін немесе таяқ жеймін деген қорқынышпен өмір сүріп жатқан жоқ. Біз балалар мен әйелдердің құқығын қорғаудан басқа мәселеге араласқан емеспіз», - дейді құқық қорғаушы.
Сонымен қатар ол Қазақстанда өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілмегенін айтты.
«Маған қарсы қылмыстық іс қозғалды дейді. Бірақ құқық қорғау органдары қылмыстық істі тіркегенімен, ешқандай тергеу амалдарын жүргізбейді. Жауап алу, сараптама тағайындау сияқты жұмыс жүріп жатқан жоқ. Істі ашып, жауып отыр. Сондықтан мұны ІІМ тиімді саяси қудалау деген пікірдемін. Біз көптеген адамның жазалануына қол жеткіздік, оның ішінде ішкі істер органдарының қызметкерлері де бар. Соңғы 7 жылда 200-ден астам қызметкер (ІІМ – авт.) түрлі жауапқа тартылды. Әлбетте бұл министрліктің имиджіне әсер етпей қоймайды», - деді ол.
Halyq Uni осы мәселеге қатысты Грузияның Қазақстандағы елшілігінен нақты ақпарат алуға тырысты. Елшілік ҚР аумағында болғандықтан, Дина Смайлованың сөзін растай алмайтынын айтты.