×

Болат Әбілов Қазақстан мен Нұр-Сұлтан атауын өзгертуді ұсынды

Ол жаңа партия құратынын айтты

 Айнұр Шошаева 16.05.2022 | 17:59
фото: ipsnews.net

Қазақстандық бизнесмен Болат Әбілов жаңа Bizdin Tandau саяси партиясын құратынын мәлімдеді. Оппозиционер бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ұйым бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасынан кейін елде саяси, әлеуметтік өзгеріс болған жоқ. 

Қаңтар кейін 4 ай өтті. Бірақ ешқандай саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістер жоқ. Біз бүгін сіздерді жаңа саяси партия құратынымызды хабарлау үшін шақырдық. Осы жерде отырған бір топ азамат жаңа саяси партиямызды құрамыз деп шештік. Біздің жаңа партиямыздың аты – Bizdin Tandau. Біздің таңдау  - демократия, бостандық, әділеттік, - деді Әбілов баспасөз мәслихатында. 

Бұған қоса ол Қазақстанда партияны тіркеу түрлі құқықтық, саяси шектеумен қиындатылғанын атап өтті. Мұның барлығы еркін, тәуелсіз адамдар партия құрып, саяси процеске араласпауы үшін немесе үлкен қиындықтарға тап болуы үшін істеліп отыр. 

«Алдымен Конституцияға өзгеріс енгізілгенін қалаймыз. Бізде суперпрезиденттік конституция бұрын болған, қазір де бар. Билік Назарбаевтың қолында болды. Қазір билік тұтас Тоқаевтың қолында. Біз оны көріп, бақылап отырмыз. Сондықтан біз еліміздің Конституциясын өзгертуді ұсынып, парламенттік басқаруға өткіміз келеді. Сонда депутаттар халық қалауымен, әділ жолмен сайланып, халық мүддесін парламентте қорғап, алдында жауап беретін болады», - деп қосты оппозиционер.

Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай жаңа ұйым құруға Қаңтар оқиғасы себеп болғанын атап өтті. 

Қоғамды өзгертуге жаңаша бетбұрыс жасауға ықпал ететін саяси ұйымның не қозғалыстың дүниеге келуі ол – қажеттілік. Алмағайып заманды бастан кешіп жатырмыз. Бейбіт күні жүздеген адам оқ құшып, өмірі қиылып жатыр. Қан төгіліп, кемтар мүгедек болып жатыр. Біз мұндай қоғамның, мемлекеттің одан әрі қарай болуына мүлдем келісе алмаймыз, - деді Сәрсенбай. 

Bizdin Tandau партиясының бағдарламасында «Самұрық-Қазына» қорын жабу, Қазақстанды ЕЭО мен ҰҚШҰ-дан шығару, мемлекет мен елорда атауын Қазақия мен Алаш-Орда деп ауыстыру жөніндегі референдум өткізу көзделген. Сондай-ақ ашаршылық пен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын, 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы мен Қаңтар оқиғасын зерттеу, бұған қоса Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәнсенбаевтың өлімін тергеу бар. 

«Бағдарлама жазылып жатыр. Партия съезінде таныстырылады. Оны өткізетінімізге сенімдімін. Біздің елдің болашағын қалай көретінімізді бағдарламадан көре аласыздар. Бір күнде реформа жүргізу мүмкін еместігін түсінеміз. Оның ұзақ жол екенін білеміз. Қазір біз бастамашыл топ ретінде жиналып, жариялап отырмыз. Енді 1000 қол жинап, тексереміз. Содан кейін әділет министрлігіне құжат тапсырамыз», - деп қорытындылады сөзін Болат Әбілов. 

Сондай-ақ спикерлер партияның алғашқы съезі қашан өтетінін айтты. Bizdin Tandau Әділет министрлігінен тіркеуден өткен соң мамырдың соңында немесе маусымда алғашқы құрылтайын өткізуді жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама