Шетелдегі қандастардың балаларына арналған «Жас Қазақ» этнолагері жаз бойы жұмыс істеуге тиіс - Абзал Сапарбекұлы
Сондай-ақ шетелдегі қазақ диаспоралары туралы заң керек
Шетелдегі қандастардың балаларына арналған «Жас Қазақ» этнолагері жаз бойы жұмыс істеуге тиіс. Бұл туралы «Сұрауы бар» Youtube-арнасына ашық сұхбат берген «Отандастар» қорының төрағасы айтты.
Шетелдегі қазақтар біздің небір мазмұнды жобаларымызды көріп отыр. Олар риза. Бірақ ол – теңіздегі тамшы іспеттес. Егер сіз бен біз ол жобалардың тиімділігін, әсерін көргіміз келсе, мұндай жобаларды, әсіресе, жастарға арналған бағдарламаларды көбейту қажет. Осы ретте «Отандастар» қорының «Жас Қазақ» жазғы лагері тек қана екі апталық мерзіммен, 200 баламен шектелмей, бүкіл жаз бойы созылатындай ету керек, - деді Абзал Сапарбекұлы.
Сондай-ақ қор басшысы этникалық қазақтармен байланысты нығайта түсу үшін шетелдегі тәжірибелерді қолданудың қажеттілігін баса айтты. Жеке адамдар ғана емес, бұл жоба тұтас бір топтарға негізделген болса, тіпті жақсы деген пікірде ол.
Мысалы, арнайы жобалар бар. Үлгілі отбасыға қонаққа келіп, сол отбасында қазақ тілін үйренеді, ұлттық салт-дәстүрін біліп, елді көріп қайтады. Әрине, шетелдегі барлық жастардың Қазақстанға келуі мүмкін емес. Сондықтан осындай платформаларды көбейту керек, - дейді Абзал Сапарбекұлы.
Осы орайда «Отандастар» қорының төрағасы шетелден келген қазақтардан бірқатар ұсыныстардың айтылғанын жасырмады. Соның бірі – жаһандағы қазақ жастарының басқосуын аймақтарға бөліп ұйымдастыру. Мәселен, Еуропадағы қазақ жастарының форумын өткізуге болады. Сондай-ақ шетелдегі қазақ диаспоралары туралы заң керек. Абзал Сапарбекұлының айтуынша, бұл – шеттегі қандастардың арыз-тілегі.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.