Тим Дрейпер: Қазақстан цифрлық қызмет көрсету тұрғысынан АҚШ-ты басып озды

Халық үні

Meet the Drapers реалити-шоуының бір эпизоды Қазақстанда түсірілуі мүмкін

Тим Дрейпер, фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы және Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпермен кездесті.

Президент Digital Bridge халықаралық форумына белсенді қатысқаны және мазмұнды баяндама жасағаны үшін Тим Дрейперге алғыс айтты. Мемлекет басшысы танымал Meet the Drapers  реалити-шоуының бір эпизодын Қазақстанда түсіру туралы бастаманы құптады.

Кездесу барысында венчурлық капитал мен стартаптар индустриясын дамыту мәселелері, сондай-ақ  алдағы жоспарлар мен ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды.

Тим Дрейпер өз компаниясының венчурлық капиталды дамытуда бай тәжірибесі бар екенін атап өтті. Сондай-ақ Draper Fisher Jurvetson компаниясы Орталық Азия өңіріне, атап айтқанда, Қазақстан нарығына зор қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев венчурлық капитал нарығын құру үшін Қазақстанда берік институционалдық, құқықтық және қаржылық негіз қаланып жатқанына назар аударды. Еліміз Draper Fisher Jurvetson секілді халықаралық венчурлық қорлардың Қазақстан нарығына келуіне кең жол ашады.

Америкалық инвестор Digital Bridge халықаралық форумының ашылуында Қазақстанның цифрлық қызмет көрсету тұрғысынан басқа елдерден көш ілгері екенін айтты.

«Эстония цифрлық басқарудың жаңа тәсіліне көшті. Енді бәрін онлайн реттеуге болады – паркинг үшін төлеу, тіпті дауыс беру. Осыдан алты жыл бұрын Қазақстанға алғаш рет келгенімде, бұл елде цифрландыруға қатысты көп дүние жоспарланып отырғанын естігенмін. Қазір Қазақстанда Kaspi бар, менің байқауымша қазір қазақстандықтар қағаз ақша ұстамайды. Бұл үлкен жетістік, тіпті осы тұрғыда АҚШ-ты да басып оздыңыздар. Америкада Starbucks-қа кофе ішуге барған адам тиынын санап тұрады. Ал Қазақстанда бәрі басқаша, мұндай жетістіктің қоғамға әсері орасан», - деді америкалық инвестор.