Франциядағы қазақ балалары қазақ тілін білмейді, қазақша газет-журналдарды оқи алмайды
Еуропадағы қазақ балаларының ана тілінде оқуына жағдай жасау қажет. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне «Отандастар» форумына Франциядан келген Абдулсамет Алтай айтты.
Абдулсамет Алтай – түркі әлеміне белгілі дін қайраткері, ғұлама ғалым, Құран кітабын алғаш рет қазақ тіліне аударған Халифа Алтайдың ұлы. Ол 30 жылдан астам уақыттан бері Париж қаласында тұрады. Абдулсаметтің пікірінше, Қазақстанның шетелдегі қандастармен байланыс орнату, атап айтқанда қазақ тілін оқытуға көңіл бөлуі маңызды.
«Біз Францияда тұрамыз. Еуропаның 10 мемлекетіндегі қазақтармен жұмыс істейміз. Олардың балалары ер жетіп келеді. Сол болашақ ұрпаққа қазақ тілін үйрету, Отанын таныту, патриоттық сезімін арттыру ең негізгі мәселе болып отыр. Тіл мәселесі оңалмай тұр. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы көп жылдан бері тілашар кітаптарын шығарды. Бірақ ол кітаптар кирилл қарпімен жазылған. Балаларға оқытып, үйрету қиын. Қазақстаннан келген студент балалар «Қорқыт» деген орталық құрып, балаларға тіл үйрету курстарын ашты. Бұл жеткіліксіз. Мәселен, Францияда балаларымыз балабақшадан бастап француз мектебіне барып, французша білім алып жатыр», - деді ол.
Абдулсамет Алтай қазіргі жастардың кирилл қарпімен жазылған кітап-журналдарды оқи алмайтынын айтты.
Соңғы жылдары Қазақстан үкіметі, әсіресе білім министрлігі шетелдегі қазақ балаларының отандық университеттерде білім алуына квота бөліп жатыр. Дұрыс қадам. Ертеде Қазақстан тәуелсіздік алғанда алдымен шетелдегі қазақтарға кітап-газет жіберіп отырды. Бәрі кирилл қарпімен жазылатын. Біздер оны оқи аламыз, ал қазіргі жастар оны оқи алмайды. Енді латынға көшеді деп жатыр, бірақ ол әліпбиді біз ұната қоймадық. Бүкіл әлем қолданатын әліпбиге ұқсамайды, - деді Абдулсамет Алтай.