«Отандастар» жанынан құрамына меценаттар кіретін қор ашу ұсынылды

Айгерім Таубай

Астанада «Отандастар» форумы өтіп жатыр

фото: Halyq Uni

«Отандастар» жанынан меценаттардан тұратын қор ашу ұсынылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астанада «Отандарстар» форумы өтіп жатыр. Кәсіпкер Жалынбек Жайнарбай 2024 жылы «Отандастар» бизнес-форумын өткізуді ұсынды.

Тарихи отанымыздың экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуына үлес қосу - әрқайсымызға ата-бабамыз қалдырған аманат. Жүрегі «қазақ» деп соғатын азаматтар еліміздің жарқын болашағы үшін жиналуға шақырамыз. (…) «Отандастар» форумы жанынан меценаттардан құрылған қор ашсақ деп отырмыз, - деді Жалынбек Жайнарбай.

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан форумға шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері келді.

Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Іс-шара аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумның қорытынды сессиясында өтеді.

Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.