«Санкцияның салқыны»: Беларусь миллиардтаған доллардан қағылып отыр
Қазір елде бүкіл халықаралық сауда-саттық тоқтап тұр

Ресейдің Украинаға соғысының кесірі Беларусь еліне де тиіп жатыр. АҚШ бастаған Батыс мемлекеттері Ресей мен Беларусьтің өнімдері мен тауарларына санкция жариялағаннан кейін одақтас елдердің экономикасы тұралап қалды. Қолда бар мәліметке қарағанда, қазірдің өзінде Беларусьтің өнімдері АҚШ пен Еуропа одағына сатылмай, соның кесірінен Минск жылына 16-18 млрд доллардан қағылып отыр.
Белурусь басшысы Александр Лукашенко елде қалыптасқан қиын жағдайды мойындамай, сыр бермей жатса , премьер-министрі Роман Головченко Батыс санкциясының салқыны бүкіл халықаралық сауда-саттықты тоқтатып тастағанын айтты.
Қазір Беларусь экономикасына бұрынғыдай Ресейге, одан кейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастық пен Кеден одағына мүше елдерге ғана иек артуға тура келіп тұр. Бұл мемлекеттерге Беларусь басы байлы тәуелді. Өйткені, оның сапасы төмен өндірістік өнімдері Батыста бәсекеге түсуге қабілеті жетпейді. Сондықтан оның тауарларын Ресей мен жоғарыда аталған ұйымдарға мүше елдер сатып алады.
Ресейдің Украинаға соғысы басталар алдында Лукашенко Батыс пен Ресейден бірдей қаржылай көмек сұрап, онысы сәтсіз аяқталып жатты. Еуропалық одақ үшін Беларусь – өте шетін мәселе. ЕО басшылары бір мезгілде Лукашенко мен оның жанындағыларды жазалау арқылы демократиялық принциптерді сақтағысы келеді. Украинадағы соғыс соған өзі сұранып келген сылтау болды.
Сондықтан Ресейдің Украинаға соғысы және оны Лукашенконың қолдауы бітпейінше Беларусь экономикасы мемлекет үстем ететін Кеңес одағының экономикасындай бола береді.
Беларусь премьер-министрінің Батыстың санкциясының кесірінен еліміз 16-18 млрд доллардан қағылып, бүкіл халықаралық сауда-саттық тоқтап қалды дегені осыған қатысты айтылған.