Мәулен Әшімбаев: «Қасиетті кітаптарды өртеу – халықтар арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм»

Еркеғали Болатұлы

Тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді

фото: Арман Мухатов

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысында Сенат төрағасы, съез хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қазір арандатушылардың теріс пиғылымен дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы өршіп тұрғанын айтты. Бұл әрекет барлық елде үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.

Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Қазақстан президенті БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында айтқандай, мұндайға жол беруге болмайды әрі тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол халықаралық шиеленістің өршу жағдайында жаһандық диалог пен сенімді нығайтатын жаңа әдістер табу қажет деп есептейді.

Қазіргі әлемдегі проблемалардың басым бөлігіне адамгершілік дағдарыс негіз болып отырғаны айқын. Материалдық игілік, табиғат пен адамдарға тұтынушылық қарым-қатынас ізіне түсу, адамгершілік басымдықтарының құлдырауы адамзат қоғамына теріс ықпалын тигізеді. Мұндай жағдайда іргелі және адамгершілік құндылықтарының қорғаушысы ретіндегі әлемдік және дәстүрлі діндердің рөлі зор маңызға ие, - деді Сенат төрағасы.