Моңғолиядан келген профессор Ұлттық құрылтай мүшелігіне шетелдегі қандастарды да қабылдауды ұсынды

Айгерім Таубай

Астанадағы «Отандастар» форумында 200-ден аса қандас бас қосты

фото: Halyq Uni

Астанада Ұлттық құрылтай мүшелігіне шетелдегі қандастарды қабылдау ұсынысы айтылды. «Отандастар» форумында Моңғолия Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бәкей Ағыпарұлы бірнеше ұсыныс айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Өздерін қазақ халқының құрамдас бір бөлігі ретінде сезініп, қазақ елінің ұлттық біртұтастығын сақтауына қолдау көрсету мақсатында Ұлттық құрылтай мүшелігіне шетелдегі қандастардан да мүше қабылданса деген ұсыныс пікір айтқым келеді, - деді Бәкей Ағыпарұлы.

Айтуынша, өңірлік көлік-логистикалық интеграция аясында өзара байланыстарды нығайту – аса маңызды шара.

Бұрынғы Өскемен-Өлгий тікелей әуе жолын ашып, қайта қалпына келтірумен қатар көші-қон мәселесіне байланысты Өлгий қаласында Қазақстан елшілігінің консулдығын орнату, Баян-Өлгий аймағынан Шығыс Қазақстанға өтетін төте жолды іске асыру өзекті мәселе, - деді ол.

Баян-Өлгий аймағының қазақ тілді мектептері мен кітапханаларын қазақ тіліндегі қажетті кітап, оқулықтармен қамтамасыз ету, ұлттық театр, радио, теледидар мекемелеріне материалдық-техникалық көмек беріп, қолдау көрсету Моңғолиядағы қандастарымыздың рухани игілігіне айналып, мерейін өсіреді.

«Ұланбатыр қаласы мен қала маңындағы аймақтарда қазір 20 мың қазақ тұратынын, олардың көпшілігі ұлттық рухты, жоғары білімді, Моңғолияның мемлекеттік істері мен экономика саласында өз орындары бар білікті азаматтар екенін атағым келеді. Осыған орай Ұланбатыр қаласында қазақ диаспорасының ат басын тірейтін үлкен бір ордасы «Қазақ мәдениет орталығын», сондай-ақ жасөспірімдерге ұлттық тәлім-тәрбие беру үшін қазақ тіліндегі балабақшалар ашу күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып отыр», - деді Бәкей Ағыпарұлы.

Айтуынша, Ұланбатырда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалын және де қазақ, моңғол, ағылшын тілінде білім беретін халықаралық мектеп-интернат ашу - Моңғолиядағы қазақ жастарының білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға үлесі зор, келелі іс болады.

Моңғолиядағы қазақтардың бәрі көшіп кетпейтіні хақ. Сондықтан да тұрмыс–тіршіліктің жағдайымен Моңғолияда қалған қазақтар да сіздердің қаны бір, тегі бір қандас бауырларыңыз екенін еске сақтайды деп сенеміз. Айтып отырған ұсыныстарым да осы тұрғыдан айтылып отыр. Шетелдегі қандастардың ғылым мен техника, білім, экономика және басқа да салаларда үлкен жетістіктерге жеткенін ескеріп, болашақта зиялы қауым үшін немесе Қазақстанда арнайы тақырыптарда өтетін келелі жиындарға бізді де шақырып отырсаңыздар, - деді ол.

Астанада өтіп жатқан форумға шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері келді.

Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Шара аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумның қорытынды сессиясында өтеді.

Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.