×

«Оның артында Назарбаева, Майлыбаев, Аманшаев тұр»: тексеріске іліккен Мұхамедиұлы президенттен араша сұрады

Тұңғышбай Жаманқұлов айыбын бетіне басқаным үшін мені ата жауындай көріп, күні бүгінге дейін жөн-жосықсыз арызданып келеді

 Еркеғали Болатұлы 16.05.2022 | 13:55
фото: ашық дереккөз

Антикор бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының үйінде және ол басқаратын Ұлттық музейде тінту жүргізді. Осыған орай оның өзі Facebook-тегі парақшасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап, көлемді пост жазды.

Аталған жазбасында Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Мемлекеттік филармониядан бастап, Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалғанға дейінгі қызмет сатыларын түгел тізіп шыққан. Одан бөлек, осы уақытқа дейін қандай жоспарларды жүзеге асырып, не істегендерін тәптіштеген.

Мұның бәрін мен неге баяндап отырмын? Қай салада жұмыс жасасам да мен әуелі ұлт мүддесі үшін тер төгіп жүргенімді айтқым келеді. Мемлекет бюджетіне қол салғандарға аяусыз тосқауыл жасап келемін. Әрине, мұндай әрекеттерім кейбір адамдарға ұнасын ба? Кейбір адамдар әлі күнге дейін тірліктеріме тұзақ құрып келеді, - деп шағымданды ол.

Айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын «Феникс» көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікпен кинорежиссер Талғад Жаныбеков қамауға алынған еді. Оған белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың да тікелей қатысы болған көрінеді. Оны Жаманқұлов өз қорғаушысының көзінше толықтай мойындап, бюджет қаражатының жеке мақсаттарға жұмсалғанын да айтқан.

«Продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов айыбын бетіне басқаным үшін мені ата жауындай көріп, күні бүгінге дейін жөн-жосықсыз арызданып келеді. Әрине, «қаһармандар» азуын көрсетуден қайтар емес. Кез келген ілкімді сәтті пайдаланып, өзіңіздің атыңызға, басқа да құрылымдарға еш негізі жоқ шатпақ шағымдарын шаршамай жазып келеді.

Оның ту сыртында кезінде Дариға Назарбаеваның, Бағлан Майлыбаевтың, Ермек Аманшаевтың тұрғаны және де солардың айтағы екені де белгілі. Әлбетте, қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Бірақ менің ар-ұжданым таза! Жеке басымды қаралаған бірде-бір факт дәлелденбеді, - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы президентке жазған хатында.

Сондай-ақ ол кейінгі кезде арыз иелерінің музейде кеткен бұрынғы кінәраттарды да өзіне жапсыра салғысы келетінін алға тартып отыр. Қазір жүргізіліп жатқан тексеруді негізсіз деп есептейді.

Айта кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Ұлттық музейдің «Алтын адамның әлем мұражайларындағы шеруі» көрмесін өткізуге жұмсаған шығынын тексеріп жатыр. Ол тендерді «Экспонат» ЖШС (директоры – Ұмсын Тобағабылова) 1,3 млрд теңгеге ұтып алып, көрме өткізген болатын. Антикор сол компанияның Ұлттық музей басшылығымен байланысы бар-жоғын анықтау үстінде.

Kozachkow Telegram каналының жазуынша, қазір Арыстанбек Мұхамедиұлының туыстарының дүние-мүлкі де тексеріліп жатқан көрінеді. Ол жөнінде Halyq Uni тілшісі экс-министрдің өзімен сөйлеспек болған еді, бірақ Арыстанбек Мұхамедиұлы телефон тұтқасын көтермеді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама