МӘМС көмегіне жүгінген науқас «жынданып» кете жаздаған – Асхат Аймағамбетов

Дәурен Ерболат

Мәжіліс депутаты МӘМС жүйесіне шағымданған сайлаушының хатын оқып берді

Асхат Аймағамбетов, фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті медициналық сақтау жүйесі арқылы көмек алу қиын екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың пікірінше, азаматтарға МӘМС жүйесі арқылы медициналық көмек алу қиын.

Науқастар бір ай терапевті, одан кейін тағы дәрігерді күтеді. Содан соң тағы терапевке келеді. Сондай бір бюрократиялық өте қиын жағдай, - деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында МӘМС жүйесіне қатысты хат жазған сайлаушының шағымын оқып берді.

«Биыл өз басымнан өткен. Ауырып терапевке жазылдым. Ол онкологқа жіберді. Кезегімді күтіп онкологқа бардым. Ол анализ тапсыруымды сұрады. Анализге жолдаманы тек терапевт береді екен. Терапевке қайта жазылдым. Одан жолдама алдым. Сосын қайта онкологқа бардым, маман мені облыстық ауруханаға жіберді. Ол жаққа тағы жазылдым. Барсам, қосымша тағы анализ тапсыруым керегін айтты. Жолдаманы терапевт береді екен. Қайтадан терапевке жазылып, оған қайта бардым. Одан жолдама алып, облыстық ауруханаға бардым. Осылай үш ай жүрдім. Сол үш ай ішінде жынданып кете жаздадым», - делінген хатта.