«Өңірді жарытпаған адам МӘМС-ті жаңғырта ала ма?». Павлодар облысының экс-әкімі жаңа қызметі жайлы айтты

Дәурен Ерболат

Әбілқайыр Сқақов жаңа қызметі жайлы айтып берді

фото: Halyq Uni

Павлодар облысының экс-әкімі Әбілқайыр Сқақов қыркүйекте Міндетті медициналық сақтандыру қорының басшысы болып тағайындалды. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатына қатысуға келген Әбілқайыр Сқаков медициналық сақтандыру жүйесін дамытатынына сенімді екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қор басшысы болып тағайындалғаныма 2 апта болды. Қызметіме кірісіп кеттім. Қазір бірінші сынағымыз жүріп жатыр. Мәжілістегі Үкімет сағатына қатысып отырмыз. МӘМС мәселесін талқылаймыз. Соңғы 2 апта бойы осы жұмыстармен айналысып жатырмын, - деді қор басшысы.

Қор басшысына журналистердің бірі сұрақ қойды:

«МӘМС-те мәселе көп. Халық тарапынан сын да көп. Сіз өңір басқардыңыз. Ол жақтағы жұмысты жолға қоя алмадыңыз, енді қордың жұмысын дөңгелетіп әкетемін деп ойлайсыз ба?»

Әбілқайыр Сқақов қор жұмысын дамыту бойынша нендей жұмыс атқарылатынына тоқталды.

«Өңір басқарғанда барлық салаға жауапты болу керек. Мұнда денсаулық сақтау мәселесі, МӘМС жүйесін қадағалау. Әрине, жауапкершілікті сезініп отырмыз. Осы салада тәжірибем бар. Облыста денсаулық сақтау саласында қызмет еткенмін. Коронавирус пандемиясы (Павлодар облысының әкімі қызметіне – авт.) бірден тағайындалған кезде денсаулық сақтау саласына назар аудардым. Сондықтан қазір білегімізді түріп, жұмысқа кірісіп жатырмыз. Мәселені талқылаудан бастап жатырмыз. Мәселе көп екенін білеміз. Сондықтан депутаттар да медицина қауымдастығымен бірлесіп, денсаулық сақтау министрі, сарапшылармен бар мәселені ортаға салып, қандай шешу жолы барын кезең-кезеңімен іске асырамыз деп сенемін», - деп жауап берді Әбілқайыр Сқақов.