Halyq Uni логотип
×

«Әскери ұйымға мүше елдерді көбейтеміз»  - Беларусьтің Қорғаныс министрі

Ол саммитте ұйымның жұмысына қатысты көп әңгіменің болатынын айтты 

 Дастан Жұмабекұлы 16.05.2022 | 11:14
«Әскери ұйымға мүше елдерді көбейтеміз»  - Беларусьтің Қорғаныс министрі
коллаж: Halyq Uni

Бүгін Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путиннің және ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Армения премьер-министрі Никол Пашинянның шақыруымен ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өтетін мерейтойлық саммит болады. Оған ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қатысады.

Осы жиынның қарсаңында Беларусьтің Қорғаныс министрі Виктор Хренин «Во славу Родины» әскери газетіне ұйымның болашағы туралы ойларын айтып, сұқбат берді.

Ол интервьюде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жұмысы мен қызметін бағалап, алдағы уақытта  оған мүше болатын мемлекеттердің санын көбейту мәселесіне баса назар аударды.

«Менің ойымша, ұйымға тағы бірнеше мемлекет қосылады. Сөйтіп, біздің ұйымға оннан астам ел мүше болады. Жақын арада жер-жүзіндегі геосаяси жағдай өзгереді. Сол кезде ҰҚШҰ өзін жақсы қырынан көрсетеді. Сондықтан меніңше енді бірнеше жылдан кейін ұйымға қазіргідей алты мемлекет емес, одан да көп ел қатарымызға қосылады. Болашақта біздің ұйым түрлі-түсті төңкерістерді алдын алып, мемлекеттердің бейбіт өмір сүруіне бар жағдайды жасайды деп ойлаймын.

Қазір халық саяси тұрақтылық пен бейбіт өмірді, тыныш заманды ғана қалайды. Ұйымға көп елдер мүше болса, соның бәрін істеуге болады», - деді ол.

Сонымен бірге ол ұйымның лаңкестік әрекеттер, адам саудасы  мен наркотрафиктің жолын кесіп, радиациялық, химиялық және биологиялық қарудан сақтану үшін қауіпсіздік шараларына баса мән беретінін атап өтті.

«Қазір ҰҚШҰ-на  Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан елдері мүше. 16 мамырда Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай мерейтойлық саммит болады. Оған ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қатысады. Сол жерде көп әңгіме айтылады деп ойлаймын», - деді генерал-лейтенант.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама